05 қыр, 2019 сағат 14:54

Қуаныш Амандық. "Жерде жүрмін Жүрегімді жасырып..."

Қуаныш - аз болса да, саз жазатын, өлеңінен өр Махамбеттің рухы сезілетін ақын. Мұны "Қайсарлықтың мәртебесін басам деп, Тапсырыспен өлтірілген Махамбет" деп басталатын адуынды жырынан айқын аңғаруға болады. Оның "Жекпе-жек!" деп ұрандап, "Араша күтпейтін, әдемі құбылыс!" деп түйіндеуі де жарасымды. Қуаныш жазуға болмайтын кезде ғана қолға қалам алатын сынды. Бұған ширығып шығып жатқан шумақтар дәлел. Бәлкім, ол кезінде бағаланбаса да, түбінде халықтың жүрегіне жол табар. Мұны "Таусылған кезде талқан дәм, Қымбаттай бастар қолтаңбам!" деп ақынның өзі де сезінгендей. Ендеше, біз де Қуаныш қолтаңбасының даралана түсуін тілейміз!

Ғайса-Ғали Сейтақ, ақын

 

Мәншүк – Муза

Бұл фәнидің басқың келмей балшығын,

Тас тұғырда тұнжырайсың, Мәншүгім.

Поэзия, көтер мені жоғары,

Ару қыздың ұғынайын Жан сырын.

 

Көзіне ілмей кедергі мен кермені,

Тас тұғырда албырт сезім өрледі.

Оқ дәрі мен жастық иісі аңқыған,

Нұр жүзіңнен жалғыз өпкім келгені...

 

Алтын қанат киігіндей ғаршының

Ала алмайтын биігісің әншінің,

Кешір, Мәншүк, ақылымнан алжастым,

Ерініңнен сүйгім келіп бал-шырын.

 

Қолда мені, Әулие аспан, дала қыр,

Мәншүгіме ұсынамын лала гүл.

Шинелінің омырауынан иіскейін,

Келмей қалған сәбиіндей ғана бір.

 

Әндей әсем, гүлдей көркем Мәншүгім,

Күлбілтелеу ақиқатқа қарсы ұғым,

Күллі әлемге, жер-жаһанға жар салам,

Саған ғашық ақымақпын бар шыным!

                       *** 

 

Жанымды тағы қинадым,

Лирика, саған сыймадым!

 

Ақындық менің не теңім,

Жазбаймын!

Болдым!

Кетемін!

 

Санама артық жүк арттым,

Һей! Муза! Тағы құмарттым...

 

Кеудеңнің әсем түймесін,

Аймалап тұрып кірді есім.

 

Көзімнен қайғы тамшылап,

Кеудемді тепті сан сұрақ.

 

Басталды мида төбелес,

Ақындық маған тең емес!

 

Бүгін де... кеше... қазір де,

Ақын емеспін, әзірге...

 

Таусылған кезде талқан дәм,

Қымбаттай бастар қолтаңбам!

                  ***

Сыртылдап сағат әндетті,

Сағыныш ноталары ма?

Ұйқыдан тағы мән кетті,

Ойларым боталады да...

Қоскөлім қолын бұлғады,

Гүл тұнып жоталарына.

 

Қоскөлдің тап-таза таңы

Сібірлеп атқан шығар-ау!

Жұмбақтай ауылдың маңы

Хақ нұрын татқан шығар-ау!

 

...Ұрпағын рухымен жебеп

Іргеде, қоңыр қорымда,

Ақ папам жатқан шығар-ау,

Ақ папам жатқан шығар-ау!

                    ***

Жекпе-жек!

Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Намыстың таңдауы,

Қанжарлар қағысы, шайтанның арбауы.

Жекпе-жек! Суық сөз! Бірақ, ол - әдемі!

Жекпе-жек! Жекпе-жек! Ұшырар зәрені!

Жекпе-жек! Жекпе-жек - сіңірлер тартысы,

Адамның айласы, ғұмырдың жартысы.

Жекпе-жек! Жекпе-жек! Кеңірдек қырылы.

Ашуды жамылған жандардың шырылы.

Жекпе-жек! Жекпе-жек! Өлімге бұрылыс!

Араша күтпейтін, әдемі құбылыс!

                       ***

Замандасым! Білмесең де өзгені,

Оқып үйрен жұмбақ сырды көздегі.

Жасаураса аталардың жанары,

Жастығының оралмасын сезгені.

 

Ұғын досым, ұлы астарды сөздегі,

Өмір-Өлім дүниенің безбені.

Балғын шағын аңсайды ма, кім білсін,

Әжелердің жаутаңдаған көздері.

 

Абзал досым, әр сөзіңді абайла.

Аталардың көңіліне қарайла.

Ақ киізден айыр қалпақ кигізші,

Ақ көбелек қонып тұрған самайға.

Ақ ниетің ақ киіздей төселсін,

Қарттық деген қоңырайған сарайға.

 

Теңеулердің көп болады жаңсағы,

Дей көрмеңдер қариялар қаусады.

Уысыңнан бара жатыр ажырап,

Әжелердің дірілдеген саусағы.

                ***

Сезімтал досым, қайдасың,

Сағыныш толы кеудесі.

Жанымның сүртіп айнасын,

Есімді кеткен емдеші.

 

Аңқылдақ досым, жолы ашық,

Қайдасың, келші қасыма.

Жарқырай күліп, жарасып,

Жас қосып берші, жасыма.

 

Білмейтін титтей өкпені,

Шуаққа бөлер қосымды.

Е-хе-хей, Қыран, көктегі,

Көрсең, айт, менің досымды!

 

Бармысың, жоғым, іздеген,

Бетінде жердің осынау?!

Жылынар еді мұз денем,

Қайдасың, қайда, досым-ау.

 

Білмейтін сөзді, ғайбатты,

Жағасы жайлау, кең құшақ.

Жолықшы, досым айбатты,

Жүрейін, менде сен құсап!

***

Кешіктім бе? Кім біледі, ерте ме?

Түрен салдым Өлең деген өлкеге.

Боз жусандай бұрқыраған иісі,

Сезбек болдым сөйлемдердің сүйісін.

Поэзия - кемпірқосақ түсіндей,

Құдіреттің миға сыймас күшіндей.

Поэзия - балбұрақтың сыбдыры,

Қоңыраулы құлыншақтың сыңғыры.

Поэзия – Махамбеттер айбары,

Мендегі жел, биссмиллаһ, қайдағы...

***

Өзімді бір

Періп қалдым иектен,

Түк түсінбей Күн қарады жиектен.

Өз кеудемді нұқып өзім сықпырттым,

Сөздерменен өтіп кетер сүйектен.

 

Арашасыз төбелес те қызықты,

Жұдырығым тұмсығымды бұзыпты.

Қамшыменен тағы тартып жібердім,

Өжеңдеген – "Өзім" деген бұзықты.

 

Өмір үшін жағалассақ - несі мін?

Ұққан кеуде өздері айтсын кесімін.

Кете бардым қағып өтіп, қайрылмай,

"Өзім" - "Мен"-ен сұрағанда кешірім!

Қыран өлімі

Таусылып тірлік сағаты,

Құлады қыран,

Суылдап құлаш қанаты.

Сәуледей сәтте әлемге соңғы қарады,

Таматын жасын намысы іркіп барады.

 

Қуаты қашып, көк тілген,

Соғылды жерге,

Сорғалай келіп екпінмен.

Зеңгір аспанда жолай алмайтын қасына,

Қарға біткен қонақтап жатты басына!

                 ***

Қуанышпенен аралас қайғы,

Пенденің бәрі ауа ластайды.

Дьякон, поптар сұсты мазардай,

Молданың көбі молаға ұқсайды.

 

Жүрегім сезіп, біліп байқады,

Бәрі де әсем ертегі айтады.

Мұңдылар мешіт маңына түнеп,

Мүптилер үйіне ерте қайтады.

 

Жүйе-жүйкемді толқытты аңыздар,

Босады буын, қолтықтаңыздар.

Ұятыма күнде күйіп, өртенем –

Тозақпен енді қорқытпаңыздар!

 

Айменен түнде амандасамын,

Өлімге таңмен қадам басамын.

Уақытша кешке тірі қалам да,

Лапылдап жанар санамда сағым.

 

Жылап енбейтін мешіт-шіркеуге,

Қара да, хан да – бәрі құркеуде.

Өгіздей ауыр өлім кітабы

Пенде-пақырдың бәрін тіркеуде...

 

Әлхамду лиллаһи! О, Боже, спаси!

                 ***

Өжеттігімді бекер іріктім, Жастығым,

(Иықтан басып Сабырлық атты тақсырым)

Сүрініп барып, сүрініп барып түзелдім,

Жігерімді үзіп жіберген кезде бастығым.

 

Өжеттігімді бекер іріктім, Жастығым,

Азуы алмас қасқырың ем ғой,қасқырың.

Ызғытып барып, ырситып өтер шағым ғой,

Ырылдасумен өтіп барады жас күнім.

 

Еркіндігімді қашан бересің, Жастығым,

Енді қашанғы сүйретілмекші "бас жібім?"

Тырапай асып, тыпырлап тағы жатам ба,

Топшымды кенет қиып жіберсе бастығым?!

 

...Жастығым үнсіз, жастығым...

Жақсы ырым болғай, жақсы ырым!

                    ***

Ібілістер басқан ізді бағатын,

Періштелер қанатымен қағатын,

Жерде жүрмін, Жүрегімді жасырып,

Менде басқа Мекен де жоқ баратын.

 

Жан сарайым парша-парша, тас-талқан,

Мұқабамды мұң-барқытпен тыстармын.

Сұм тірлікте қаншалықты ластансам –

Соншалықты тазалыққа құштармын.

Қуаныш Амандық – ақын, актёр. 1971 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы Қоскөл ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтының әуесқой театр режиссері мамандығы бойынша бітірген.

Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясындағы Махамбеттің, А. Камюдің «Калигула» трагедиясында Калигуланың, И. Шприцтің «Кентавр мен қыз» қойылымында Кентаврдың, Т. Әбдіковтың «Біз үшеу едік» драмасында Мұраттың, Р. Отарбаевтың «Хан Жәңгір» қойылымында Махамбеттің, Ш. Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» драмасында Бауыржанның, Г. Григориннің «Атың өшсін Герострат!» трагикомедиясында Геростраттың, Н. Птушкинаның «Тастама мені» мұңды комедиясында Вадимнің, Т. Джюдженоглудың «Көшкін» мистикасында Еркектің,

А. Володиннің «Қос жебе» драмасында Қалқанқұлақтың, Таупық Әл-Хәкімнің «Сұлтанның сасқаны-ай» комедиясында Сұлтанның бейнесін сахнаға шығарды.

2008 жылы Ақтау қаласында өткен ХV Республикалық Қазақстан театрлары фестивалінде «Калигула» трагедиясындағы бас рольімен «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін жеңіп алды.

2011 жылы "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" мерекелік медалімен марапатталған.

2013 жылы театрдың 20 жылдығына орай облыс әкімінің степендиясының иегері атанған.

2015 жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

О. Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері республикалық байқауының және бірқатар мүшәйралардың жеңімпазы. Театр қайраткерлері Одағының мүшесі.