28 жел, 2016 сағат 07:55

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі тағайындалды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 желтоқсандағы № 859 Қаулысымен Нұрғожин Марат Рахмалиұлы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап. 

М. Нұрғожин бұл лауазымында Қазақстан Республикасы ғарыш қызметінің даму мәселелеріне жетекшілік ететін болады.    

Марат Нұрғожин 1957 жылы 30 маусым күні дүниеге келген.

1980 жылы Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищені үздік бітірген, техникалық ғылымдар докторы, профессор.

Еңбек жолын Қарағанды политехникалық институтында бастап, онда кіші ғылыми қызметкерінен бірінші проректорына дейін өсті.

2004 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің департамент директоры лауазымына тағайындалды.

Түрлі жылдары Әкімшілік басшысы, ҚР БҒМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы, «Самғау» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдинг» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі секілді лауазымдарын атқарған.

2008 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ Бірінші вице-президенті, 2013 жылдың тамызында – Президентінің міндетін атқарушы лауазымына тағайындалды.

М.Р. Нұрғожин белсенді ғалым, 250-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстың, монографияның, оқулықтың және оқу әдістеменің, патенттің, авторлық куәліктің және зияткерлік меншік туралы куәліктің авторы болып табылады.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі болып тағайындалуына дейін М. Нұрғожин «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Президенті лауазымын атқарды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалармен: «Кұрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, мерейтойлық медальдармен,  «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы жетістіктері үшін» төсбелгілермен марапатталған.