
Қостанай облысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау бойынша дайындық жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмек саясаты бөлімінің басшысы Гүлнар Оспанованың айтуынша, бүгін аймаққа вакцинаның 1200 дозасы әкелінді. Вакцина жүргізуге барлығы 31 медициналық мекеме жұмылдырылады. Оның ішінде 26 мемлекеттік, 5 жекеменшік емхана бар.
«Вакцина температуралық режимді сақтай отырып жеткізілді. Енді вакцинаның облыстың барлық емханалары алады. Вакцинация тегін және ерікті түрде өтеді. Егер бұл науқанға қатысқыңыз келмесе, жазбаша түрде бас тартасыз. 18 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан адамдар егілмейді. Наурыз айында егу процесінен мұғалімдер өтеді», - дейді Г.Оспанова.
Бүгін дәрігерлер мен санэпидбақылау департаментінің қызметкерлері вакцина қабылдамақ.
Қостанай қаласынан шалғай ауылдарға вакцина тасымалдайтын авторефрижератор және суық сақтағыш қабілеті бар 100 термоконтейнер сатып алынды.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.
