22 там, 2022 сағат 00:14

Қос ақынның басын қосқан – өлең

 


Бүгінде ел арасында танылып үлгерген дарынды жастар көп. Оның ішінде жанына поэзияны, прозаны серік еткен таланттар да бар. Сондай жастардың бірі  ерлі-зайыпты ақындар Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова. Бірі Солтүстіктен, бірі Шығыстан келіп Түркістан шаһарында білім алған жастар, бүгінде осы қалада қызмет етіп жүр, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ақындарды таныстыратын бағдарламаға қонақ болған жастар өздерінің махаббат хикаялары мен поэзия жолындағы сырларымен бөлісті.

«Оқушы кезімізден жас ақындарға арналған мүшәйралардан бір-біріміздің есімімізді жақсы білетінбіз. Бір күні менің ұстазым бір шәкіртін байқауға алып барғанда, сол байқауға Рысгүл де қатысыпты. Жөн сұрасқан соң, «Еламан деген ақындарыңыздың өлеңдерін оқып тұрамын, сәлем айтыңыз» деген екен. Ұстазымыз айтып келгенде, арнайы суреттерін көріп, ұнатып қалдым. Ол кезде «агентпен» жазысатын кез еді. Оны тауып алып, «мен саған ғашық болып қалдым, сен де маған ғашық боласың әлі» деп жазып жібердім», деп күле еске алды ақын Еламан Төлеутай.

«Сенсіз маған өмір бос,

Ғұмыр ада...

Шағылысып жүрегің шұғылаға -

Бейсапардан қайтарда, Шығыс қызы,

Қарсы жақтан жолықтың құбылаға...

Күрең іңір сейіліп, қошқыл ымырт,

Ескегімен өмірдің естік үміт.

...Екі жүрек айқастық – екі құшақ,

Қиырында ғарыштың қос тігіліп...».

Дәл осылай Шығыстың қызын жырға қосып жүргенде Тараз қаласында өткен жас ақындар байқауына қос ақын да қатысады. Еламан өзі арманадаған аруды көру үшін ұйымдастырушылардан оның орналасқан жерін сұрап, құстай ұшады.

«Рысгүлдер бізден бұрын жетіп, қонақ үйге жайғасыпты. Мен жете сала ұйымдастырушылардан олардың орналасқан жерін сұрап, қолыма бір құшақ гүлімді алып, түн жарымында жетіп бардым. Бөлмесін де біліп алғам ғой. Есігінің алдына барып өлең оқып тұрдым. Рысгүл оянып, қасыма келді. Алғашқы кездесуіміз осылай болды. Мен оны әбден дайындалған, боянған түрін емес, ұйқыдағы түрін көріп кездестім алғаш рет», – дейді Еламан.

«Мен ұшқым келеді.

Мен ұшақпен де ұшып көрмегем.

Мені ұшырса, қиналады жер неден?!

Бір босатып, ұшырып жіберер ем

Кеудемдегі ыза - кекті кернеген.

Кенеттен құсқа айналып ұшар болсам,

О, дүние!

Басқа кеңістік.

Басқа дем.

Аспанға қарай бірден заулап ұшып,

Құс тұмсығыммен бұлтты мамықтарша шашып тастар ем!....

Сосын, аспан бұлттанбайтын болады».

Бұл ақынның жары, жас ақын Рысгүл Досжанованың өлеңі. Жастарды табыстырған да, қауыштырған да Түркістан қаласы болыпты.

«Бір қызығы Еламан екеуіміз де Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түстік. Бүгінде Түркістан телеарнасында бағдарламалар бөлімінде жұмыс істеймін. Бірнеше бағдарламаны тікелей эфирде жүргіземін. Сондықтан шығар, жұмыстың әсерінен кейде көп өлең жаза бермеймін. Менің жаным тыныштықта отырып өлең жазғанды қалайды. Оны қарбалас жұмыспен араластыра алмаймын. Мұнда бізді жылы қабылдады. Ақындар араласатын өз ортамыз бар. «Ақынға жар болу оңай емес» деген пікір қалыптасқан біздің қоғамда. Ал екі ақын қосылса, мүлде бөлек сезім», – дейді Рысгүл Досжанова.

«Менің де ғашығым бар,

Сүюге қауіптенем.

Ақынды шақырыңдар,

"Сүюді бақыт" деген...

Төзбесең, осалмын де.

Алынбас шың қамалдар.

Махаббат – бос әңгіме.

Мені де тыңдамаңдар...»

Рысгүлдің осындай лирикаға толы жылары қыз жанын, әйел затын түсінуге бір қадам болса да жақындата түседі. Махаббат кез келген адамның жүрегін тербеп өтсе, ал ақынның жүрегін өртеп өтетін көрінеді.

Айта кетейік, жас ақындар Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова ерлі-зайыпты. Бірі Солтүстіктен, бірі Шығыстан келіп Түркістан шаһарында білім алған жастар, бүгінде осы қалада қызмет етіп жүр.