Қоршаған ортаны қорғауда ұлттық философияны қолдану қажет. Мұндай пікірді экология саласының сарапшысы, заңгер Абзал Құспан білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экология төңірегіндегі екі мәселеге ерекше тоқталды. Біріншісі, қоршаған ортаны қорғау ісінде құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатаңдату. Екіншісі, өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениетті үйрету. Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту көп жұмысты қажет етпейтін әрі тез арда орындалатын тапсырма. Ал жас буынды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу ең кемінде 10 жылды қажет етеді және Жолдауда айтылған тапсырмалардың ең қиыны. Осы орайда, бұл мәселелерді шешуге бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленуі қажет. Ол аз дегенде 10 жылға жоспарлануы тиіс. Сонымен қатар, жас буынға экологиялық мәдениетті түсіндіру жұмыстары тек ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ғана жүктелмеу керек. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі және өзге де жауапты органдардың көмек көрсетуі маңызды. Өйткені, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыреті басқа органдарға жүрмейді», - деді экология саласының сарапшысы Абзал Құспан.
Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғауда қазақтың ұлттық дүниетаным философиясын қолданған тиімді. Осы мақсатта қазақстандық эколог-сарапшылар «Экософия немесе киелі табиғат» атты кітапты жарыққа шығарған.
«1973 жылы норвегиялық философ Арне Несс «Экософия» деген ғылымның негізін салды. Бұл ілім кез-келген өсімдікпен жанауардың киесін түрлі әпсана, аңыз арқылы жас буынға түсіндіре отырып, оларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелейді.
Мәселен, Қаратауда Бабатүкті Шашты Әзіз әулиенің бұлағы бар. Оны Жылыбұлақ деп атайды. Бұлақтан жиналған кішігірім көлде балық өте көп. Бірақ оларды ешкім ауламайды. «Әулиенің балығы» деп тиісуге қорқады. Одан басқа жердің бәрінде балықты қырып аулап жатыр. Сол сияқты Маңғыстаудың Оғланды тауында емін-еркін жайылып жүрген арқар-киіктерді қараңыз. Адамнан қашпайды. Жұрт та оларға тиіспейді. Себебі оны Бекет атаның арқары деп біледі. Ал, одан өзге жердегі арқар мен киік адамның өзі тұрмақ, иісін сезсе қашады. Сондықтан, Оғландыдағы арқарларды сақтап тұрған – Бекет атаның киесі.
Сондай-ақ, аққуды атпау, қарлығаш құсына зиян келтірмеу керектігі жазылған түрлі шығармалар бар. Осының нәтижесінде оларды ешкім атпайды, киесінен қорқады.
Сондықтан осындай ұлттық дүниетанымымызда бар аңыздарды топтастырып «Экософия немесе киелі табиғат» кітабын жарыққа шағардық. Бұл Жолдауда айтылған экологиялық мәдениеті жоғары ұрпақты тәрбиелеу жолында маңызды рөл атқаратын құрал болмақ», - деп атап өтті А. Құспан.
Сарапшының сөзінше, аталған ілім бүгінде мемлекет деңгейінде мойындалмаған. Қазіргі таңда Еуропа елдері және Жапония экософияны терең зерттеп, оны жалпыұлттық дәрежеде насихаттау ісін қолға алған.