20 жел, 2016 сағат 11:56

Коррупцияға қарсы қызмет: Есеп комитетінің аудиторлары ұсталды (Видео)

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бүгін республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің екі қызметкері ұсталғанын хабарлады. Бюро ақпаратына қарағанда, мемлекеттік аудиторлар Б.Копобаева мен А.Жәңгірбаева "Қазавтожол" мекемесінің басшылығынан пара алды деген күдікпен ұсталған. Бюро аудиторлар "аудиторлық есепте бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау жайты болғанын көрсетпеу үшін" 16 миллион теңге (47 мың доллар көлемінде) пара алған дейді.

Есеп комитеті өкілдеріне берілетін ақша "Қазавтожол" мекемесінің облыстық филиалдарының басшыларынан жиналған.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы есеп комитетінің қызметкерлерімен бірге "Қазавтожол" мекемесінің бас директоры С.Мұқашев пен оның орынбасары Е.Шәмішев, бас есепші, екі бөлім жетекшілері мен облыстық филиалдардың жетекшілерінің де ұсталғанын айтады.