14 шіл, 2021 сағат 21:01

Коронавирустың үнді штамы симптомсыз өтуі мүмкін бе?


Қарағанды медицина университетінің проректоры, ҚР ДСМ штаттан тыс инфекционисі Бақыт Көшерова «Коронавирустың үнді штамы симптомсыз формада өтуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, коронавируспен симптомсыз ауыратындар саны жалпы жағдайлардың 30%-ын алады. 

«Коронавируспен ауырудың 30%-ы жалпы симптомсыз түрде жүреді. Қазіргі жағдайда көптеген аймақтарда дельта (үнді) штамы болуы мүмкін деп айтып отырмыз. Бүгінде коронавирустың симптомсыз түрі емделмейді, науқастар тек 14 күн бойы медициналық бақылауда болады», - деп жауап берді Бақыт Көшерова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, дәрігер вирустың жаңа штамдарын анықтаудағы вакциналаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз қазір үнді штамы бар науқастарды жиі тіркей бастадық, бұл аурудың ерекшеліктерін білеміз. Әсіресе, вакцина алмаған адамдарда ауырлау өтетін көріп отырмыз. Вакцинаны уақытылы салдыру өте маңызды. Иә, вакцина алғандар да ауру жұқтыруы мүмкін. Ең бастысы, ауру жеңіл түрде өтеді. Науқас оттегіге мұқтаж болмайды – бұл өте маңызды», - деп түсіндірді дәрігер.