Биылғы COVID-19 пандемиясы әлем халқының мобильділігін, ішкі-сыртқы миграциясын, жалпы адамдардың күнделікті қозғалыс сипатын өзгеріске ұшыратты. Әуе кеңістігі ұшақтардан босады, жүк поездары жүйткіп жатқанымен, жолаушылар тасымалы тоқтатылды, қалалардың қайнаған тіршілігі шектелді. Биылғы пандемияның миграцияға әсері денсаулық сақтау саласы мен экономика қалпына келгеннен кейін де сақталады деп болжануда. Strategy2050.kz әлемдік ахуалға шолу жасап көрді.
Адамдар қозғалысты, барыс-келісті тоқтатқан кезде ғана көршісіне қонаққа бару, жұмысқа қоғамдық көлікпен жетіп алу, театрда кезекті қойылым, кинотеатрда отбасымен жаңа фильм көру, шет елдегі конференцияға барып қатысу күнделікті өмір тәжірибесінің негізгі бөлігі екенін түсінеді.
Адамдардың мобильділігі тарихи дамуда әртүрлі формада көрініп отырды. Ұшақтар, пойыздар, кеме қатынасы мен автомобильдер қауіпсіз, тиімді және қолжетімді бола бастағандықтан, елді мекендер арасында, бүкіл әлемде жұмысқа, оқуға, емделуге, демалуға барыс-келіс тұрақты және үздіксіз болды.
Ал, интернеттің пайда болуымен және әлеуметтік желілердің кең таралуымен ішкі және сыртқы миграцияға деген ұмтылыс халық шоғырланған орталықтардан бастап шалғайдағы ауылдарға дейін тарап кетті.
Адамдар ғаламтордың күшімен шет елдің бір өндіріс орталығында жұмыс бар екенін, әлдеқандай аралда жеңілдікпен демалуға болатынын, алыс-жақын мемлекеттің ғылыми орталығында тағылымдамадан өтуге болатынын бір мезетте анықтап, билеттерін броньдап, нәтижесінде ішкі және халықаралық миграция бірнеше есе артты.
Миграция – халықтар арасындағы жер аудару немесе тұрғылықты мекенжайын ауыстыру процесі. Латыншадан аударғанда «migratio» – «көшу, орналасу» дегенді білдіреді. ҚР заңнамасы бойынша және Терминологиялық комитеттің бекітуімен «миграция» сөзі қазақша құжаттарда «көші-қон» деп көрсетіледі.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны туралы 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңында «Көші-қон – жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударуы» деген анықтама берілген.
«Көшіп келуші», «қоныс аударушы», «оралман», «еңбек көші-қоны», «ішкі көші-қон» және т.б ұғымдар осы заңнамада көрсетілген. Қазақстан жағдайында «оралман», кейінгі «қандастардың» тақырыбы – көші-қон мәселесіндегі зерттейтін жеке үлкен сала.
Көші-қон туралы пікірталастардың көпшілігінде бастапқы мәселе цифрлық мәліметтер болып саналады. Миграция сияқты жаһандық әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне байланысты болатын масштабты өзгерістерді, пайда болатын тенденцияларды зерттеу біз өмір сүріп жатқан әлемді түсінуге және болашақты жоспарлауға көмектеседі.
Халықтың көші-қоны белгілі бір мемлекеттің ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайынан бастап, қабылданған арнайы бағдарламалар, аймақтық конфликтілер, тұрақсыздық пен дағдарыс, саяси-экономикалық санкциялар, биылғы жағдайда пандемия және енгізілген карантиндік шектеулермен де байланысты екенін аңғардық.
Халықаралық миграция ұйымының(ХМҰ) деректері бойынша, 2019 жылы әлемде 272 миллионға жуық халықаралық мигрант саны анықталған, бұл әлем халқының 3,5 пайызын құрайды.
Былтыр халықаралық мигранттардың 52 пайызы – ерлер, 48 пайызы – әйелдер болған. Мигранттардың басым көпшілігі, яғни 74 пайызы 20-64 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті азаматтар. Негізі жыл сайын халықаралық мигранттардың саны өсіп келе жатқанымен, 3,5 пайыз деген халықтың өте аз бөлігі.
Демек, мигранттардың өз мемлекеті аумағында болуы қалыпты жағдай болып қала береді. Адамдардың басым көпшілігі шекара асып кетпей, өз елінің ішінде басқа қалалар мен аудандарға қоныс аударады (2009 жылы дүниежүзі бойынша 740 миллион ішкі мигрант болған).
Алайда, халықаралық мигранттар санының көбеюі уақыт өте келе сандық жағынан да, пропорционалды түрде және бұрын болжанғаннан біршама жылдам қарқынменөсіп келе жатты.
Адамдардың басым көпшілігі халықаралық ауқымда жұмыс, отбасы және оқу себептерімен көші-қон процедураларын кедергісіз өтіп жатқанымен, әлемнің кей бөлігінде азаматтық соғыс, аймақтық тұрақсыздық, қудалау және апаттар сияқты қайғылы себептермен үй-жайларын тастап кеткендер де баршылық.
Халықаралық көші-қон жаһанданған әлемдік экономиканың ажырамас және қажетті бөлігі болып келеді. Дегенмен оның бет-бейнесі әр аймақта, елде және қалада, сондай-ақ әр отбасында әртүрлі болады. Халықаралық миграция ұйымының өңірлер бойынша зерттеуіне сүйенсек, Орталық Азиядағы көші-қон осы аймақтан тыс жерлер және Ресей Федерациясының солтүстігімен де байланысты.
Мысалы, 2019 жылы 5 миллионға жуық орталықазиялық мигрант Ресей Федерациясында өмір сүрген. Салыстырмалы түрде кейбір саладағы жоғары жалақы мен жұмыс орны, тілдік кедергінің жоқтығы және визалық жеңілдіктер жағынан Ресей Федерациясы аталған аймақтың мигранттарына тартымды болып келеді.
Ресей Федерациясында көптеген жыл жұмыс істеп, кәсіп ашқан азаматтардың өз жерлестерін тартуы көптеп кездеседі. Орталық Азиядан Ресей Федерациясына көшіп барушылардың барлығы бірдей біліктілігі төмен еңбек мигранттары емес.
Мысалы, Қазақстаннан баратын мигранттар қатарында студенттер мен жоғары білікті мамандар да басым. Орталық Азиядан әлемнің жетекші елдеріне қоныс аударушылар да аз емес екені белгілі.
Көршілес Қытайда, Еуропа мемлекеттерінде жұмыс істеу мен отбасылық өмірге қолайлы жағдай қарастырылған. Соңғы жылдары Орталық Азиядан жұмыс іздеп Түркия және Корея Республикасына көшкен азаматтар көп, әсіресе Өзбекстан және Қырғызстан сияқты елдермен екіжақты еңбек келісімдері жасалған.
Орталық Азия аймағындағы ішкі миграция оның тарихи қалыптасқан географиялық, мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік қатынастарымен тікелей байланысты. Орталық Азиядағы миллиондаған халықаралық мигранттар негізінен осы субаймақтан және басқа аймақтардан болып отыр.
Ал, мигранттар негізінен бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен келеді, олардың көпшілігі қазіргі уақытта Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мүшелері. Мысалы, ХМҰ мәліметі бойынша, осы аймақта 2019 жылы шет елдік мигранттардың басым бөлігі Қазақстанда (3,7 миллион) тұрған екен және олардың 2,4 миллионы Ресей Федерациясында дүниеге келген.
Қазіргі уақытта Қазақстан негізінен транзиттік және тұрақты тұруға тартымды ел болып саналады. Сонымен қоса, әртүрлі елдерден білікті жұмысшылар және Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан еңбек мигранттары да келеді.
Оның үстіне 2015 жылы Еуразиялық Экономикалық Одақтың құрылуы Қазақстан мен Қырғызстанды қоса алғанда, оған мүше мемлекеттердің азаматтарына Одақ аумағында еркін жүріп-тұруға, өмір сүруге, жұмыс істеуге және оқуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта өңірде миграциялық ағынды жетілдіру, оның ішінде шекараларды басқару, мигранттардың құқықтары мен олардың қорғалуына, заңсыз көші-қон аспектілері бойынша ынтымақтастыққа көңіл бөлінуде.
Мигранттардың, сондай-ақ олардың отбасылары мен қауымдастықтарының құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау мақсатында көші-қон саясаты мен бағдарламаларын жүргізудің маңыздылығы артып келеді.
Орталық Азиядан келген ер азаматтар, әсіресе әйелдер заңсыз жұмыс істету, әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы және үй шаруасында пайдалануға осал болуы мүмкін.
Халықаралық миграциямен қатар жүретін ақша аударымдары Орталық Азия экономикасына, әсіресе осы өңірдің дамушы елдеріне ықпалы үлкен. ХМҰ мәліметіне сүйенсек, Қырғызстан мен Тәжікстан ЖІӨ-не шаққанда ақша аударымдарын алатын әлемдегі ең ірі 10 елдің ішіне енеді.
Осындай ақша аударымдары кедейлік деңгейін төмендетуге де мүмкіндік беріп отыр. Орталық Азия елдеріне түсетін ақша аударымдары аймақтағы және одан тыс миграцияның қарқынын көрсетеді. Өйткені, ол жұмысшылардың қызметі және табысымен тығыз байланысты. Экономикалық дағдарыстан кейін Ресей Федерациясынан 2017 жылы Еуропа мен Орталық Азияға ақша аударымдары 21 пайызға артып, 2017 жылы 48 миллиард долларға жетті.
2018 жылы бұл көрсеткіш 59 миллиард долларға дейін жеткен екен.
Енді биылғы қалыптасқан жағдайдағы миграция үрдісінің бет-бейнесі өзгеше. COVID-19 вирусы ұлтына қарамастан барлық адамның денсаулығына, әлеуметтік жағдайына әсер етті, ал мигранттар деректердің жоқтығынан пандемиямен күресудің ұлттық жоспарларына кірмей қалып жатты.
Мәселен, 2016 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы тұмау пандемиясына дайындық жоспарларында 21 елдің ішінде тек 3 елдің (Таиланд, Папуа-Жаңа Гвинея және Мальдив аралдары) шекарадағы денсаулық сақтау шараларына азаматтығы жоқ адамдар қамтылған екен.
Мигранттардың жеңілдіктерге немесе медициналық көмекке қолжетімсіздігі инфекцияның таралу қаупін арттырады, ауруды анықтап, емдеуді қиындатады, қоғамдық денсаулық сақтауды басқаруға теріс ықпал етеді.
Жалпы, әрбір бесінші елде дағдарыс кезінде және одан кейін мигранттарға көмек көрсету бойынша нақты шаралар бар. Бұл шаралар негізінен ішкі қоныс аударуға, азаматтар мен мигранттарға тең дәрежеде гуманитарлық көмек көрсетуге қатысты.
Қоғамдық денсаулық дағдарысы кезінде денсаулық сақтау жүйесін қолдау немесе кеңейту шаралары нақты айтылмайды. Елдердің он үш пайызы бұл шараларды ішінара қамтиды, өйткені олардың стратегиялары барлық осал топтарды қамтиды (бейресми түрде мигранттарды да).
Кейбір елдер иммиграциялық талаптарды уақытша төмендетіп, мигранттарға қалыпты мерзімнен тыс қалуға мүмкіндік береді. Басқа жағдайларда, барлық мигранттарға, олардың көші-қон мәртебесіне қарамастан, іс жүзінде көмек көрсетіледі.
Елдердің жартысынан көбі (55 пайызы) мигранттарға көмек көрсету бойынша қандай да бір нақты шараларды көздемейді, бірақ олардың кейбіреулері арнайы көмек көрсетілетінін айтады. Керісінше, елдердің 69 пайызы дағдарыс кезінде шетелдегі өз азаматтарына көмек ұсынады.
Бұл елдердің көпшілігі жол жүру құжаттарын және репатриация мүмкіндіктерін ұсынады. БҰҰ-ның зерттеуі үкіметтердің 68 пайызы дағдарыстық немесе шетелде тұратын азаматтарға көмек ретінде нақты шара қабылдағанын көрсетті.
Биыл Қазақстан Үкіметі де шет елдегі өкілдіктері арқылы өз азаматтарын елге жеткізуге үлкен күш салды.
Әлемдік ақпарат құралдары алдымен COVID-19 пандемиясының Еуропа, Солтүстік Америка және Шығыс Азия елдеріне ықпалын көтергенімен, оның салдары дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінен аңғарылады.
Бұндай елдердің басым көпшілігі тауар тасымалы мен жұмыс күшінің жаһандық жүйесімен терең интеграцияланып жатқандықтан оның салдарын бірден сезінеді. Қазіргі халықаралық саяхаттардың шектеулері туризмге басымдық беретін елдерге айтарлықтай әсер етеді, сондай-ақ мигранттардың үйлеріне миллиардтаған АҚШ доллар табыстарын аударуы немесе жинақтарымен бірге елдеріне оралуы да жергілікті елдің экономикалық белсенділігіне әсер ететіні сөзсіз.
Соңғы онжылдықта осындай ақша аударымдары жүздеген миллион адамға кедейліктен шығып, өз денсаулығы мен білімін нығайтуға септігін тигізді. 2019 жылы табысы төмен және орташа елдер 550 миллиард доллардан астам халықаралық ақша аударымдарын алды.
Биылғы covid-19 дағдарысы мигранттардың қызметіне әсер еткені сөзсіз. Дүниежүзілік банк көптеген елдерде ақша аударымдарының қысқаруын болжап отыр. Ақша аударымдары әлемнің 30 елі үшін ЖІӨ-нің 5-10% құрайды.
Биылғы дағдарыс пен карантин шектеулері отандарына оралған еңбек мигранттары есебінен бір мемлекетте жұмыс күшін азайтып жіберсе, екіншісінде оларды қайта жұмысқа орналастыру проблемасын тудырды.
Бұл дамушы елдердің экономикасы мен еңбек нарығына тағы да қысым келтіруі мүмкін. 2009 жылғы жаһандық қаржылық дағдарыс, 2014-15 жылдардағы ресейлік қаржы дағдарысы Орталық Азия елдеріне жұмыспен қамту және ақша аударымдары тұрғысынан қиындықтар әкелді. 2013 жылдан бастап 2016 жылға дейін Орталық Азияға жыл сайынғы ақша аударымдары 46% - ға қысқарды, өйткені жүздеген мың жұмысшы шыққан елдеріне оралды, ол аймақтағы ЖІӨ өсіміне ықпал етті.
Карантиндік шектеулер енгізілген елде жүрген мигранттар жұмыссыздыққа тап болып, жиналған қаражаты таусылуы және өз еліне немесе ауылына оралғанда қайта сіңісуі сияқты проблемалар туындайды.
Биыл Қырғызстанға жасалатын ақша аударымдарының 28%-ға қысқаруы экономикада шамамен 674 миллион АҚШ долларын жоғалтуға әкеп соққан.
Пандемия кезеңіндегі қашықтан атқаратын жұмыс бір салада жаңа мүмкіндіктер ашып жатса, екінші салалар үшін қиындықтар алып келді. Бұл жағдайда әрбір мемлекет өзінің ішкі еңбек нарығына көңіл аудара бастайтыны шындық.
Кез келген мемлекеттің тығыз сауда-инвестициялық, агроөндірістік мәдени-гуманитарлық, көліктік-инфрақұрылымдық байланыс деңгейі олардың миграциялық алмасуынан да көрінеді. Халықтың көші-қоны жалпы алғанда қалыпты, табиғи құбылыс.
Алайда оның екінші жағы да бар: алыс-жақын мемлекеттердегі халық санының өсуі, азық-түліктің жетіспеуі, оның сапасының төмендеуі, жұмыссыздық және т.б мәселелер заңсыз миграцияға алып келеді.
Қазақстанға келген кейбір «қонақтардың» әртүрлі жолмен елде қалып, ҚР заңдарын бұзғанына ақпарат құралдарынан куә болдық. Орталық Азия арқылы транзитпен өтетіндер көбінесе Батыс Еуропаға бағыт алады.
Көшіп-қонушылардың көпшілігінің алғашқы келу пункттері Қырғызстан мен Тәжікстан, содан кейін Қазақстан мен Ресей Федерациясы арқылы Батыс Еуропаға өтеді. Орталық Азияға мигранттарды заңсыз әкелу күрделі процесс болып табылады және осы аймақтағы көлеңкелі экономика мен ұлттық қауіпсіздіктің факторы ретінде қарастырылады.
Заңсыз миграция еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді: ол аймақтағы жұмыссыздық мәселесін күрделендіреді. Заңсыз көшіп-қонушылардың экономикалық қызметі «көлеңкелі салаларды» құрады, елден заңсыз түрде қаражат алып шығады.
Аталған факторлар жемқорлық пен парақорлықтың тамыр жаюына алып келеді.
Еңбек миграциясын бақылауға алып, әкімшіліктік-құқықтық аспектілерін қарастыруды қолға алу үшін:
- ұлттық экономиканы артық мөлшердегі еңбек мигранттарының саны және сапасы жағынан да қорғау;
- Қазақстанға келуші мигранттардың елдің экономикалық қызығушылықтарына орай рационалды пайдалану;
- қауіпсіздікті, қылмыстың алдын алуды, заңсыз миграция жол бермеу үшін шекара мен кедендік бақылауды күшейту.
Қазақстан қазіргі уақытта ішкі миграция мәселесіне баса назар аударуда. Әсіресе, шекаралық аудандардағы халық саны мен жұмыс күші, олардың әлеуметтік жағдайы жиі көтеріліп келеді. Өйткені, соңғы онжылдықта шекаралық аймақтарда 500-ге жуық ауыл жойылған екен. Сондықтан Солтүстік облыстарда көшіп барушы азаматтарды жалақы, тұрғын үй және білім гранттарымен қамтамасыз ету бағдарламасы қабылданған.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев жақында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде нақты тапсырмалар берді. ҚР ҰЭМ еліміздегі аудандық маңызы бар 13 қалаға ауыл мәртебесі берілетінін айтты. Онда, СҚО Сергеевка қаласы, Булаево қаласы, Мәмлүт қаласы да бар.
Оларға ауыл мәртебесі берілсе, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласы қызметкерлеріне 25 пайыз үстемеақы, оқуға түсушілерге ауыл квотасы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі.
Осының барлығы халықтың ішкі миграциясын, әсіресе халық саны аз аудандарда миграцияны рационалды пайдалануға мүмкіндіктер береді.
Автор: Олжас Бейсенбаев