26 қаң, 2021 сағат 09:43

Коронавирус індеті Талдықорған мен Текелі қаласында өршіп тұр

Алматы облысында зертхана растаған 8 861 коронавирус инфекциясына қатысты жағдай тіркелді. Індеттің таралуы бойынша Текелі мен Талдықорған қалалары көш бастап тұр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, коронавирустың өсу қарқыны соңғы екі аптада 1,0 % - ға дейін жеткен. Текелі мен Талдықорған бөлек, Қапшағай қаласы, Көксу, Қаратал, Ескелді, Ақсу, Панфилов аудандарында инфекция жұқтырғандар саны өскен.

Кеше 71 жағдай анықталды. Өткен аптаның қорытындысы бойынша Алматы облысында 1 430 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан.

Айта кетейік, өңірде инфекциялық стационарлар жүктемесінің ұлғаюына байланысты төсек саны 1 138 - ден 1 300-ге дейін артты. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясына күдікті және расталған адамдар үшін реанимациялық төсек саны 124-тен 135-ке жеткізілген. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 26 реанимациялық бөлімше қажетті жабдықпен жабдықталды.

Облыста жағдайы ауыр науқастар мен балаларға арналған көпсалалы ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылған. Қажет болған жағдайда төсек-орын саны 5280-ге дейін ұлғайтылады.

«Облыс ауруханаларында жеке қорғану құралдары мен дәрінің екі айлық қоры бар. Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жергілікті бюджет есебінен 92,1 млн теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алынды», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров.