22 сәу, 2021 сағат 09:17

Көрнекті ақын Жәркен Бөдешұлы дүниеден өтті

Қазақ әдебиеті мен руханияты тағы бір ауыр қайғыға душар болды. 77 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, қабырғалы қаламгер, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Жәркен Бөдешұлы дүниеден озды. 

Бұл туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

"Қазақ әдебиеті мен руханияты тағы да қара жамылды. Сұм ажал арамыздан ғаламат ойшыл-ақын, періштедей ақ көңіл адам Жәркен Бөдешұлын алып кетті.

Барша қазаққа қайғыра көңіл айтамын. Жәркен ағамыздың рухы бейіштің төрінде шалқысын. Алла алдынан жарылқасын.

P.S. Жәркен Бөдешұлымен қоштасу жиыны ертең 23 сәуір күні, сағ. 10:00-де Алматы қаласы, Құлагер ықшам ауданында, өзі тұрған үйінің алдында өтеді.

Баршаңызды қалыптасып отырған эпидемиялогиялық жағдайға байланысты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын" - деп жазды ол.

Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда Қытай Халық республикасының Тарбағатай аймағы Толы ауданында Жайыр тауында туған. Азан шақырып қойған аты – Жармұхаммед.

ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген.

Әр жылдары басылымдарда және кітап палатасында жауапты қызметтер атқарған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында бөлім меңгерушісі болған.

Ақынның "Көкше құрақ", "Қос қанат", "Зейін", "Аспан даусы", "Нұрлы бояулар", "Жұлдызға орнын ай бермес", "Емендер түнде бүрлейді" атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрген.

Осы орайда, Ұлт порталының ұжымы қазақ жұртына қадірлі болған көрнекті қаламгердің мезгілсіз дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, Жаратқан артындағы ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!