03 мау, 2025 сағат 17:15

"Көркем сөздің бағбаны, көркем ойдың абаданы"

Фото: Massaget.kz

Бүгін Алматыда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Жазушылар одағы және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қалалық филиалы бірлесіп, жазушы, сыншы, драматург, аудармашы Қалихан Ысқақтың туғанына 90 жыл толуына орай «Көркем сөздің бағбаны, көркем ойдың абаданы» деп аталған дөңгелек үстел өткізді, – деп хабарлайды Ult.kz.


Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл мамандары мен ғалымдар, профсессорлар мен БАҚ өкілдері және зиялы қауым қатысты. Жиында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Қалихан Ысқақ сөзінің сазы», директордың орынбасары Құралай Күдерина «Қалихан Ысқақ: мінез бен стиль» атты баяндамаларын жасады. Сонымен қатар, инститтутың ғылыми қызметкерлері Жанар Жұмабаева мен Қымбат Слямбек те тұщымды баяндама жасады.



Фото: Жазушылар одағы


Қазақтың тіліндегі грамматикалық формалар тек таза грамматикалық мағынаны беріп қана қоймай, әсіресе ауызша тілде стильдік, модальдік, прагматикалық қызметте жұмсалатынын, Қалихан Ысқақ қазақ сөйлеміне тән, оның ішінде дәстүрлі сөзсаптамына тән есімді сөйлемдерді көп қолданатынын баяндаған ғалым Қымбат Слямбек оның тәуелдік жалғауы – нағыз қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамына тән грамматикалық тұлға екенін айтты.


«Сөздің басында айтарымыз, қазақтың сөзінде, дәстүрлі сөзсаптамында жүйелі сөз жатыр деп айтып жатырмыз. Ал сол сөзді жүйеге түсіретін не дегенде, әрине, ол соның грамматикасы деп жауап беруге болады. Грамматика қосымша, жұрнақ, жалғау ғана емес, ол – сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің, тіпті мәтін мен мәтіннің мағыналық байланысы. Егер де қазбалай берсек, грамматиканың адамның ойлау жүйесімен, логикалық-интеллектуалды категорияларымен тікелей байланысты екенін аңғаруға болады.
Сонда қазақтың дәстүрлі сөз жүйесін грамматика тұрғысынан қараудың мақсаты да сол – қазақтың жүйелі сөйлеуіне тән грамматикалық құралдарды анықтау. Сол арқылы жүйелі сөздің моделдерін табу, ана тіліміздің қыр-сырын тану. Сол үшін құрметті қауым, ақын-жазушылардың, сіздердің шығармаларыңыздың тілін зерттеу – қазақтың осынау сөз жүйесін қалпына келтірудің бірден-бір жолы.
Мәселен Институтымыздың ақсақалы, профессоры Н.Уәли әдеби тілді игерген тілдік тұлғаларды төрт топқа бөледі де, соның ішінде жазушыларды ең жоғарғы топқа – элитарлы топқа жатқызады. Яғни, әдеби тілді жасаушылар деп бағалайды. Ал біз айтар едік, жазушылар – қазақтың күнделікті ауызша тіліне жан бітіріп, оны жарыққа шығаратын тұлғалар деп қосар едік. Оның айқын үлгісі – Қалихан Ысқақ.
Жазушының шығармасы тұнып тұрған – қазақтың күнделікті өмірі, күнделікті сөзі. Қалихан Ысқақтың әңгімелерін қарап отырып бірінші байқағанымыз – қазақтың ауызша тіліне, дәстүрлі сөзсаптамына тән қарапайым грамматикалық формаларды белсенді қолданатыны», – деді Ахмет Байтұрсынұлы атындагы Тіл білімі институтының кіші пылыми кызметкері Қымбат Слямбек.



«Қазақ тіліндегі ерін үндесімі» туралы баяндама жасаған Жанар Жұмабева зерттеушілер қазақ тіліндегі ерін үндесімінің үш буыннан аспайтынын, екінші буында анық естілсе, үшінші буында солғындайтынын айтқанымен, ерін үндесімі сөздің соңына дейін сақталады деген пікірлер де болғанын тілге тиек етті.

 

«Жалпы қазақ орфоэпиясы 60-90 жылдары ғылыми тұрғыдан жақсы зерттелді деп айтатын болсақ, сол кезеңдерде жазушылардың ауызша сөзінде ерін үндесімі сақталды ма? Осымен байланысты слайдтан М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Мұртаза, Қ.Ысқақтардың ауызша сөзін көруге болады. Бұл материалды институтта орындалып жатқан Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы Ауызша ішкорпустан алдық. Бұл жерде жазушылардың нормадағы орфоэпияға түспеген, яғни өз сөзімен айтқандар сұхбаттары алынды. Сонда
М.Әуезовтің ауызша сөзі:

↑мен бұл сөзді → // неден бастасам йекен деп уойлағанда ↑ // мынандай бір жәй йеске түстү ↓/// ↑бір жан / әлде бір сұқпатта → // көргөнді айтайын ба ↑//  йестігенді айтайын ба депті /// 
Ғабит Мүсіреповтің ауызша сөзі:
↑қәдірлі͡ жолдастар // азғана йескертүу керек боп тұр → // бірінші / саб̊ақ деген мағынада // ұғұнбауларыңызды сұраймын → // 
Шерхан Мұртазаның ауызша сөзі:
шырағым / былай  енд'әңгіме → // әңгімені / сен әрқарай шыйрата бересіңдағы →// адамды шыйрықтыра түсесің →// 

Қалихан Ысқақтың ауызша сөзі:

↑ шешемнің арқасында →// үш апайымның арқасында → // күң͡ гешіп жүрүп →/ әйтеу / йер жеттім ↓/// ↑ жесір͡ ғатын →/ үйдөн шықпай уотұрұп // бүтүл ағайын-тұуғанды →// бір шыбықпен айдайтұғұн ↓/// 

Ауызша сөзде ерін үндесімінің негізінен екінші буында сақталатынын кейбір сөздерде ғана үшінші буында айтылатынын қоғам қайраткерлерінің, жазушылардың сөзінен де көруге болады», – деді Ахмет Байтұрсынұлы атындагы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанар Жұмабаева.


Жиын соңында Ахмет Байтұрсынұлы атындагы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкерілері, ф.ғ.д Нұргелді Уәли мен Бағдан Момын, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Ғалым Қалибекұлы, Қазақстанның халық жазушысы Ахметжан Ашири және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейфолла Оспанов тақырып аясында пікір алмасты.

Қалихан Ысқақ – 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген. 1972 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында драматургия секциясын басқарды. «Дос хикаясы» (1963), «Менің ағаларым» (1965) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Тұйық» (1975), «Қара орман» (1980), «Ақсу – жер жаннаты» (1989) романдары басылды. «Ақсу – Жер жаннаты» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Бүкілодақтық экранға шыққан бірнеше толықметражды фильмдердің («Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда») сценарийін жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Екі томдық таңдамалылары 1997 жылы оқырман қолына тиді.

Аударма саласында Л.Толстойдың, А.Чеховтың, И.Тургеневтің, А.Куприннің, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған.

Ақбота Мұсабекқызы