16 сәу, 2025 сағат 13:43

Көпшілік реформа түгілі шындықты да қабылдамайды – саясаттанушы


Фото: zhalagash-zharshysy.kz

Жуырда депутат Асхат Аймағамбетов журналсит Айкерім Есенәліге берген сұхбатында халықтық реформа жасау үшін биліктегілерге мінез керегін айтты.

Ол өз сөзінде:

«Бастама жасап, онымен жұмыс істеу үшін үлкен мінез керек. Мысалы, қазіргі уақытта осы мәселемен жұмыс істеп жатқан – Премьер министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мырза. Бұл халыққа өте ұнамайтын реформа, шынын айту керек. Бұдан үлкен абырой табу қиын. Бірақ дегенімен, осындай ұнамайтын шешімдерге баратын азаматтар болғаны біз үшін маңызды. Олар ұнаса да, ұнамаса да, елге керек болса, қажет реформалар жасау біледі. Осындай мамандар керек. Тек қана жалтақтап отыратын, тек әдемі сұхбат бергім келеді, тек елге жағымды болып көрінемін деген азаматтар өкінішке қарай, Үкіметте аз емес. Әдемі слайдтар жасайды, әдемі сөйлейді, форумдарға қатысады. Әбден машықтанып алған.  Ондай азаматтарды қай жерден алатын болсақ та аз емес. Бірақ мен айтқандай, қиын шешімдер мен қиын реформаларға бара алатын, сол міндеттемені, барлық жауапкершілікті өзіне ала алатын азаматтарды мен құрметтеймін», – деген еді депутат Асхат Аймағамбетов.


Осы орайда Ult.kz тілшісі саясаттанушы Самат Нұртазадан әріптесінің ойына қатысты пікірін сұрап көрді. Ол өз сөзінде көпшілік кейде реформа түгілі шындықты да қабылдамайтынын айтты.


Фото: ашық дереккөзден


«Қарапайым тілмен айтуға да болады, ол – шындық. Кейде көпшілік реформа түгілі шындықты да қабылдамайды. Сондықтан да кейбір адамдар қоғамның естігісі келетін сөзін айтқанда, өздеріне бонус жинап алады. Бірақ шындық айтқан адам жаман атты болады. Әлуметтік желіде болсын, өмірде болсын солай. Сондықтан Асхат Қанатұлымен 100 пайыз келісемін», – деді Самат Нұртаза.


Сонымен бірге, Самат Нұртаза салық реформасына қатысты көп сынға ұшырыған Ұлттық экономика министрі Серік Жұмағаринді мысалға келтірді.

«Біріншіден, Серік Жұманғарин өз ісінің маманы. Иә, кейбір жауаптары тік шығар, кейбір жауаптары мүмкін қоғамның бір бөлігіне ұнамайтын шығар. Бірақ ол ақты – ақ, қараны – қара деп айтады. Мүмкін біреуге жұмсартып сөйлейтін, майда сөйлейтін, өтірік үміт беретін мамандар ұнайтын шығар. Бірақ Серік Мақашұлы, «мынау болмайды», «мынау бар, мынау жоқ» деп айтады. Сондықтан кейбір адамдардың тік мінезін «өрескел» деп қабылдайтынын мен түсініп отырмын. Ондай негатив болуы мүмкін, себебі біз бәріне ұнай беретін доллар емеспіз ғой. Мен де біреуге ұнаймын, біреуге ұнамаймын. Сондықтан критика болады, оның болғаны дұрыс. Біз демократиялы мемлекет, ашық қоғам құрамыз деп жатырмыз. Жүз адамның барлығы бірдей ойлауы міндетті емес», – дейді ол.


Самат Нұртаза Қазақстанда болсын, басқа елдерде болсын, барлық реформаға бірдей көңілі толатын адам таппаймыз деп есептейді.

«Ең керемет деген мемлекеттердің өзінде проблема шығып жатады. Әрине, көп нәрсе жасалып жатыр, қолдан келгенше депутаттар ғана емес, сонымен қатар, министрлер, әкімдер, Президент бастап, бәрі де жұмыс істеп жатыр. Бірақ проблемалар бар, бәрі керемет деп өтірік айта алмаймыз. Әлеуметтік мәселе болсын, жалақы, қымбатшылық, пәтер мәселесі, жылу сапасы, дәрігерлер, мектептер деген сияқты, айта берсең, сөз көп. Оның барлығы ақырындап жасалып жатыр. Болашақта жасай береді деп сенемін», – деді саясаттанушы Самат Нұртаза.