23 ақп, 2021 сағат 10:54

Көппәтерлі тұрғын үйді басқару: Екі мыңға жуық жаңа ұйым құрылды

Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына көшу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың басынан бастап «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы күшіне енген болатын. Мемлекет басшысының 2020 жылы 1 қыркүйектегі «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» Жолдауы аясында Үкіметке және әкімдерге мүлік иелері бірлестіктері институтын енгізу жөніндегі реформаны іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды», - деді Е.Дауылбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Реформа «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» принципі бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа формасын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеуге бағытталған.

«Заңды іске асыруға қажетті нормативтік құқықтық актілер әзірленді. Реформаны жүйелі іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарда көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа формаларына өту бойынша Жол карталары әзірленіп, министрліктің бақылауында тұр. ҚР Әділет министрлігінің деректеріне сәйкес, биылғы 22 ақпандағы жағдай бойынша 1 735 жаңа басқару формасы құрылған (Мүлік иелері бірлестігі - 695, Жай серіктестіктер – 1 040). Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында. Басқарудың жаңа нысандарын құру пайызының төмендігі жиналыс өткізуді шектейтін карантин шараларымен байланысты екені сөзсіз», - дейді спикер.

Оның айтуынша, тұрғын үй қатынастары саласындағы қарқынды өзгерістерге көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы азаматтардың шағымдары түрткі болған.

«Әсіресе бұл қызметтерінде шешім қабылдау және қаражатты жұмсау жағынан ашықтықтығы жоқ «көпүйлі» пәтер иелерінің кооперативтеріне (ПИК), пәтер иелерінің тұтыну кооперативтеріне қатысты болды. Сондықтан пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлар иелерінің қаражаттың түсуі мен жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету үшін өз үйінде мүлік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік құру қажеттігін түсінуі маңызды», - дейді Е.Дауылбаев.

Бұл ретте басқарудың ескі нысандары 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін өз қызметін жалғастырады. Осы мерзім аяқталған соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жою рәсімін жүргізуі тиіс.