Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басшысы Айгүл Соловьева баламалы энергия көздерін дамыту жолдарын ұсынды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде баламалы энергия көздері қымбат деген миф бар. Газ да тиімсіз дейді. Ал көмір неге арзан? Себебі бізде көмір саласын жасырын субсидиялау тетіктері бар. Мәселен, көмірді теміржолмен тасымалдағанға да субсидия бөліп отырады. Ал ондай қосалқы субсидиялау болмаса, оның бағасы газбен бірдей болады», - деді А.Соловьева Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның ойынша, қазіргі кезде баламалы энергия көздері қымбат болса да, болашақта арзан, тіпті тегін түсуі әбден мүмкін.
«Мәселен, Калифорнияда ондай энергия көздері бір жыл бойы тегін болды дейді. Сондықтан бізге осы бағытта жұмыс істей беру керек. Сосын бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына тездетіп көшу керек. Оған сәйкес, ауаның ластануы адам денсаулығына тигізетін әсерімен - pm2, pm01,pm10 деп белгіленеді. Осыны Экологиялық кодекске енгізген жөн. Әйтпесе, бізде бір тоннаға шаққандағы миллиграммен өлшенеді. Негізі, ондай қалдықтарды адам денсаулығына тигізетін әсерімен өлшеген дұрыс», - деп атап көрсетті А.Соловьева.
Айта кетейік, Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы экологиялық проблемалар картасын жасауды жоспарлап отыр. Ұйым басшысының орынбасары Елдос Абақановтың айтуынша, Қазақстанның Экологиялық кодексінде қоғамдық бақылау шаралары қарастырылған. Алайда бүгінде аталған шаралар атқарылмайды.
«Кодекстің 15-бөлімінде қоғамдық-экологиялық бақылау құралы бар. Бірақ бұл жұмыс істемей отыр. Сол себепті біз қауымдастықтың негізінде экологиялық бақылау институтын құрғымыз келіп отыр», - деді Е.Абақанов.