15 қаң, 2022 сағат 12:20

Коменданттық сағат режимін бұзған кәсіпкерлер лицензиясынан айырылуы мүмкін - елорда


Елордада төтенше жағдай режимін бұзған 75 адамның үстінен әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елордадағы жағдай тұрақты. Сағат 23.00-ден бастап таңғы 07.00-ге дейін коменданттық сағат жалғасуда. Қала периметрі бойынша 6 блокбекет тәуліктік режимде жұмыс істеуде. Бір тәуліктің ішінде қалада 6 қылмыс және 98 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 75 адам төтенше жағдай режимін бұзған, оларға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы комендатурасының баспасөз қызметінен. 

Комендатура мәліметінше, тәулік ішінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 5 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына тосқауыл қойылды. Олардың иелеріне қатысты лицензиясынан айыруға дейінгі қатаң жаза қолданылатын болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Мемлекеттік нөмірі жоқ 3 автокөлік анықталып, коммуналдық тұраққа қойылды. 

«Қарбалас уақыт» кезеңінде блокбекеттерде автокөліктер көбейіп кететіндіктен, қала комендатурасы азаматтарға өздерінің баратын бағыттарын алдын ала жоспарлауға және қабылданған шараларға түсіністікпен қарауға кеңес береді.