Фото: "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы
Қазақстанның Бас прокуратурасы жол құрылысы мен жөндеудегі заң бұзушылықтар туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бұған дейін баспасөзде көлік жолдарын салу және жөндеу кезінде жымқыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың көптеген фактілері анықталғандығы туралы хабарланған. Бюджет қаражатын заңсыз шығару схемаларында көбінесе бір мердігер ұйымдар болған.
"Атап айтқанда, осындай фирмалардың бірінің өкілдері Ақмола өңірі Қоянды кентінде 907 миллион теңгеге күрделі жөндеу және жол құрылысын жасамағандығы белгілі болды.
Бүгінде шарт бұзылды. Өңір прокурорлары сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастамашылық жасап, оның шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың мән-жайлары анықталып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында облыстық жолдарды жөндеуге бөлінген 423 миллион теңгені жымқырды деген айыппен Ғ. Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің және жергілікті мердігер мекеменің басшылары қамауға алынып, жауапқа тартылды.
Жұмыстарды қабылдау туралы жалған актілер бойынша жолдың жоқтығына қарамастан, миллиондаған мемлекеттік қаржыны аударған", - делінген хабарламада.
Мемлекеттік сатып алу кезінде өнім жеткізушілер таңдау кезеңі автожол саласындағы жемқорлықпен неғұрлым байланысты болып табылады.
"Мәселен, аудан прокурорларының араласуынан кейін Аршалы ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Екатеринбург-Алматы автобанынан Берсуат ауылына дейінгі учаскені күрделі жөндеу бойынша 1,1 миллиард теңгеге заңсыз шарт жасасқаны үшін теріс себептермен жұмыстан босатылған болатын", - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.
Прокурорлар бюджеттің негізсіз шығындарының жолын кесуге ерекше назар аударады.
Мысалы, олар Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында жөнделген учаскеге 148 млн-нан астам бюджет қаражатын артық жұмсау фактісінің алдын алған және кінәлі лауазымды тұлға лайықты тәртіптік жазаға тартылған.
"Тексеру қорытындысы бойынша барлығы 300-ден астам заң бұзушылық анықталды, бюджет шығындары 30 млрд теңгеге үнемделді, мемлекет кірісіне 2,5 млрд теңге өтелді, 29 қылмыстық іс қозғалды, 305 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына орынсыз жоспарлау, инновацияларды енжар енгізу, беріктігі жоғары материалдарға үнемдеу және т. б. ықпал етіп отыр. Осыған байланысты, Бас прокуратура Үкіметке шетелдік озық тәжірибеге негізделген көлік жолдары саласын түбегейлі өзгерту бойынша ұсыныстармен қадағалау актісін енгізді" - делінген хабарламада.