Әлемдегі еңбекке қабілетті адамдардың жетпіс пайызы күн сайын автокөліктің қызметін тұрақты пайдаланады екен. Демек, жер шарында жаяу жүретін адамдардың үлесі жылдан жылға азайып келеді.
Әсілі, біз толықтай техниканың «тұтқынына» түскенімізді мойындауға мәжбүрміз. Әсіресе, автоөндірістің! Қазір әлемде 1 15 000 000 автомобиль бар көрінеді. Осыдан 15-20 жылдай бұрынғы жағдаймен салыстырғанда автоөндіріс өніміне жылдық сұраныс екі есеге өскен. Бірақ, адамдардың темір тұлпарды тізгіндеуге жаппай бет бұруы жер бетіндегі тұрмыстың түзелгендігін ғана білдірмейді. Айнаның арғы беті сияқты елеулі, елеусіз мәселелер де есік қағып тұрғандай…
Жұмыр жердегі көлік санының адам басына шаққандағы үлесінің кұрт көбеюі қоршаған орта мен муниципалды дамуға да орасан кедергі келтіретіні дәлелденген. Рас, көлік «айшылық алыс жерлерге» жылдам жетудің құралы ретінде теңдесіз болып қала береді. Әрі жүк, жолаушы тасымалдау мен көлік өндірісі саласындағы саудадан түсетін табыс әлем экономикасында қомақты кіріс көзі болып тұр.
Біздің айтпағымыз басқа фактор: көлік қызметі мен қолдану бағытындағы ретсіздік пен жоспарсыздық көптеген елдерде көлік коллапсын тудырып отыр. Әлемдегі үлкен қалалардың басына үйірілген бұлт Қазақстанды да айналып өтпейтіні белгілі болды. Еліміздегі көлік шуы көп естілетін Алматы мен Астана қалаларында қазірдің өзінде қиындық сезілуде. Әсіресе, Алматы көлік саны жөнінен алдыңғы орында. Қалада 530 000-нан астам автокөлік нақты тіркелсе, күн сайын жақын және алыстан ағылатын машиналар саны тағы осыншаға жуықтайды екен. Яғни, оңтүстік мегаполистің асфальтін ертеден кешке дейін 1000 000 машинаның төрт доңғалағы таптап өтеді деген сөз. Бұл тиісінше, қала көшелеріндегі кептеліс пен көлік тұрақтарының проблемасын тудырып отыр. Алматының ресми билігі қаладағы жол-көлік жағдайын жақсарту үшін орасан жұмыс атқарып жатқанына қарамастан, көлік санының жыл сайын өсуі кептеліс пен тұрақ түйінін шешкізер емес. Дерекке сүйенсек, соңғы 5 жылдың ішінде ғана қалада 13 айналма жол көпірлері салынып, пайдалануға берілген. Әрі бұл жүріс қозғалысы дамыл таппайтын негізгі көшелерге салынған көпірлер. Соған қарамастан ұзын-сонар көлік кептелісі азайған жоқ. Мұның сыртында ондаған көшелердің ауқымы кеңейтіліп, бірнеше қатар көлік жүруге арналып қайта жабдықталған. Демек, мәселені шешудің тетіктері іске қосылса да, тоқтаусыз механизмге айналған көлік санын шектеу мүмкін болмай отыр.
Тегінде, көлік санының көбеюіне тосқауыл қоюдың өзі күлкілі болар еді. Ол қазіргі заманда адамдарға жақсы тұрмыс кешуге тыйым салумен бірдей болмақ. Автомобиль өндірісі де адамдардың көлікке қол жетімділігін қамту үшін тырысып бағуда. Бір қызығы, жеке көлік мінгісі келетіндердің қатары автомобиль зауыттары орналасқан алпауыт елдердің тұрғындарына қарағанда дамушы елдерде көп болады екен. Мәселен, қазіргі ТМД елдерінің аумағында сырттан тасымалданатын көлікке деген сұраныстың қаны жерге тимегелі 25 жылға жуықтап қалды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Өкініштісі, соңғы 10-15 жыл арасындағы тасымалдаудың бақылаусыз болуы елімізді ескі автокөліктердің қоймасына айналдырып жібергендей. Есімізде болса, 2015 жылы Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі нарықтағы доллар бағамын реттеуге тапсырма берген жиында:«Біз адамдардың қалауына қызмет еттік. Теңге мен шетел валютасының ара жігін тұрмысты түзеуге пайдалансын дедік. Нәтижесінде барлығын сырттан сатып әкелді. Басқаны қойып, шетелден 80 000 автокөлік енгізілген…» деген болатын. Бұл көлік саудасындағы ретсіздікпен қатар отандық автоөндірістің адымын аштырмай отырған алып-сатарлықты айыптаған дабыл еді. Қазір Үкімет автонарықтың жағдайын біршама реттеді. Жергілікті көлік құрастырушылардың жұмысы жанданды. Мұны азаматтардың көлікқұмарлығын тиімді пайдалануға жасалған сәтті қадам десе де болады. Өйткені, саудадан түскен ақша отандық экономикаға қызмет етуде.
Дей келгенде, бәрібір көлік санының артуынан туындап отырған мәселені айналып өте алмаймыз. Әсіресе, Алматы сияқты үлкен шаһарда бұл өзекті. Ең алдымен қала экологиясы үшін зиянды. Қазіргі кезде қоғамдық көліктердің қоршаған ортаға тигізетін залалын жою үшін жанар-жағар май қолданатын көліктерді электрмен және газбен жүретін автобустарға алмастыру жалғасып жатыр. Қала әкімі Бауыржан Байбек өзі бастама көтеріп, тұрғындарды тиімді қатынас құралдарына ауысуға шақырған. Әу баста БАҚ өкілдеріне біраз азық болған велосипедке міну бастамасы кең көлемде қолдау таппай қалғаны да өкінішті…
Тағы бір мәселе: автотұрақтардың аздығы. Әкімдік әуелде қаладағы ақылы орындармен күрес бастаған. Бір жағынан алғанда қоғамдық орындарға қойылған көліктерден алынатын 50-150 теңге аралығындағы алым-салық жеке тұлғалардың қалтасына құйылатыны рас еді. Билік осы жиналатын ақшаны бақылауға алу арқылы табысты легализациялады. Екінші жағынан алғанда, арнайы авто тұрақтардағы жағдайды жақсартып, қызмет көрсетуін автоматтандыруға жол ашты. Нәтижесінде қалада 2 автотұрақ аумағы қалыптасып, 653 көлікке арналған орын талапқа сай жасақталды. Тұрақ қызметі 150 000-нан астам автокөлікке көрсетілген. Бұл қызметтердің барлығын автоматтандырылған паркоматтар атқарып отыр.
Айтпақшы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, адамдардың артық қимылдаудан саналы түрде бас тартуының салдары ауыр зардаптарға соқтырып отырған көрінеді. Мәселен, ұйқыдан тұра сала көлікке міну мен күн ұзағына жұмыс креслосына таңылып отырудың әдетке айналуы жүрек, қан тамырлары, тыныс жолдары және ішкі ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеледі екен. Мұның сыртында шектен тыс семіздік пен дене сымбатының өрескел өзгеруіне тигізетін әсері тағы бар. Демек, қарыс сүйем қадам басуға ерінетін ұрпақтың денсаулығы үшін зор қауіп төніп тұрғанын жасыруға келмес. Әсіресе, аптасына кемі 5 шақырым жаяу жүруді ұмытқан адамдардың жолы аз жылдан соң ауруханаларға барып тіреліп жатса, кімге наз айтқандаймыз…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы