Көкшетауда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 35 адам эвакуацияланды, оның ішінде 14 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың 26 қаңтарда сағат 22:10-да Көкшетау қаласының «Центральный» шағынауданындағы 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққандығы туралы қоңырау шалынған.
«Шақыру орнына ТЖД жеке құрамынан 20 адам және 4 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер арнайы баспалдақтың көмегімен 35 адамды эвакуациялады, оның ішінде 14 бала бар», - деді ТЖД баспасөз қызметінен.
Сонымен бірге, Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі атап өткендей, құтқару жұмыстарына Көкшетау қалалық ПБ-ның «Әскер-5», «Әскер-8» және «Жаяу патруль - 882» патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тартылды. Олар пәтер ішінде қалған мүмкіндігі шектеулі тұрғынды сыртқа алып шықты.