2020 жылы қоғамдық келісім кеңесінің құрылғанына жеті жыл толды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сьезінде 2013 жылдың соңына дейін республика облыстары мен астана және Алматыда кеңестерін құру міндеті жүктелді. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан-2050» стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген XХ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне қатысуын күшейту міндетін қойды. Содан бері келісім кеңесі қарқынды жұмыс істеп келе жатыр. Бұл туралы «Ұлт» порталы хабарлайды.
Бастапқыда кеңестер Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында өңірлік әкімдіктердегі консультативтік-кеңесші органдар ретінде құрылды. Басты мақсаты – қоғамдық келісімді, жалпы ұлттық бірлікті нығайту.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестері ел ішіндегі маңызды мәселелерді талқылап, сындарлы шешім қабылдауға арналған диалог алаңы. Ассамблеяның ресми сайтының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2 786 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде облыстық деңгейді 14 кеңес бар болса, астана мен Алматыда бір-бір кеңес бар. Сонымен қатар қалалық деңгейді 41 кеңес жұмыс істеп тұр. Аудандық деңгейде 169, ауылдарда 2 426 қоғамдық кеңес бар. Ал кәсіпорындық деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 134 Қоғамдық келісім кеңесі іске қосылған.
Ал республика бойынша қоғамдық кеңестің 25 мыңнан аса мүшесі бар. Ассамблеяның, оның ішінде қоғамдық кеңестің басты міндеті – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты, елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың арасындағы қатынас бойынша мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара байланысын нығайта түсу.
Республикада кеңес мүшесі болу үшін қиын шарттар жоқ, барлығы ашық түрде және ерікті болу арқылы жүзеге асырылдаы. Кеңесті құру барысында кандидаттардың сол өңірде немесе белгілі бір аймақта қоғамдық татулықты, бірлікті нығайтуға, насихаттауға байланысты атқарған істері ескеріледі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестері бірнеше міндетті атқарады. Оның ішінде елде болып жатқан жағдайды талдау, өңірлердегі әлеуметтік мәселелер мен қақтығыс, жанжалдың алдын алып, қандай да бір келеңсіздікті шешу бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сонымен қатар ұлтаралық тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, мемлекеттік орган мен қоғамдық институттар арасындағы байланысты жетілдіру бойынша жұмыс атқарып, нақты ұсыныстар ұсынады
Қоғамдық келісім кеңестерінің атқаратын міндеті аясына азаматтық белсенділік, қоғамдық бастама мен қоғам мен әлеумет, өңір мен аймақ үшін маңызды жобаларды, бағдарламаларды қолдау кіреді. Сондай-ақ, келісім кеңесі кәсіподақ, ардагерлер мен жастар бірлестігін, өзге де қоғамдық ұйымдарды, қоғамдық одақтарды, оның ішінде ұлттық ынтыма пен татулықты, мемлекет саясатын насихаттап, оны жүзеге асыру функциясы кіреді. Қоғамдық келісім кеңесі қандай да бір дауды, келеңсіздік пен қақтығыс, келіспеушілікті шешеді және әлеуметтік шиеленіс көзінің пайда болуын болдырмау үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар қоғамдық тыныштық үшін қызмет етеді.
Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі, оның қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібі Қазақстан республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңында айтылған.
Сонымен қатар кеңесті төраға басқарады. Оны құрылтай жиналысында басқа мүшелер сайлайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын төраға орынбасарының басшылығымен кеңестер форумын өткізеді. Оған мәжіліс депутаттары қатысады.