Қазақстан халық Ассамблеясының елдегі бірлік күніне тікелей қатысы бар. Өйткені бұл конституциялық орган - достық пен ынтымақтың туын көтерген ұлт пен ұлыстың басын біріктіруші шаңырақ. Оның мақсаты да қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени саласын одан әрі дамытуға, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету.
Социалистік заманда өмір сүрген халықтардың қай-қайсысы да сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалмағанын көне тарих жақсы біледі. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, жазықсыз жалаға тап болған ел азаматтары ғана емес, біртұтас халықтар — сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына кіріп, тарихи атамекендерінен күштеп жер аударылған-тын.
Міне, бүгінде, Егемендіктің ақ таңы атқан шақта Отанымызға әр қилы саясатпен жер аударылып келген диаспоралардың ұрпақтары қазақ ұлтымен бірге мемлекеттік-ұлттық саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етуге күш салды. Бұл – Қазақстан Республикасының Президентінің жасап отырған жақсылықтарының бірі екенін баса айтуымыз керек.
Зорлықпен кешірілген халықтар қиын-қыстау заманда қазақ даласынан пана тауып қана қоймай, сан-қилы қиыншылықтың тезінен өтіп, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты. Олар осы жерде өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап, біздің халықпен бірге көпұлтты Қазақстанды құрды. Міне, сол ұлттардан құралған бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсат-мүддеге ұйыстырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуы жолындағы бастамаларға айтулы үлес қосып келеді.
Сондықтан қоғамда диаспорааралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасап, ел бірлігін нығайтып, мемлекетқұрушы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дәріптеу арқылы диаспоралар мәдениетінің сақталуына үлес қосып, қоғамдық келісімді қолдап, сонымен қатар, мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетіп жүрген бұл ірі ұйымның ел өміріндегі орны зор.
Ендеше, біз Қазақстан халық Ассамблеясы кеңесінің Қазақстан халқының бірлігі күніне орай жариялаған құттықтауын оқырман қауым назарына ұсынғанды жөн санадық.
"Құрметті отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтайды.
Жалпыұлттық бірлік мейрамының біздің еліміз үшін ерекше мәні мен маңыздылығы бар.
Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген барша табыстарымыз бен жетістіктеріміз – бұл қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған дәйекті саясаттың нәтижесі.
«Әралуандық бірлігі» қағидасы көпэтносты және алуан мәдениетті Қазақстанның негізі болды.
Үйлесімді этносаралық қатынастардың құндылығын түсіну, ынтымақтастық, өзара қолдау және ризашылық сезімі өміріміз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі ретінде қоғамымызда бекем орнықты.
Бүгін, әлеуметтік мемлекет пен ұлттық игіліктің жаңа үлгісін құру аясында біздің бірлігіміз жаңа серпін алды.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» – бұл қоғамның әлеуметтік бірлігінің, бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісінің ауқымды тұғыры.
Құрметті қазақстандықтар!
Біз «Бірлігі жоқ елдің – болашағы жоқ» деген халық даналығына сәйкес өмір сүріп, Отанымыз – Қазақстан Республикасын нығайтудамыз.
Біз – бір елміз және жалғыз Отанымыз бар. Әрқайсымыздың тағдыры - Қазақстан тағдырына байланысты.
Осы нұр шашқан мейрамда, біз баршаңызға зор денсаулық, бақыт пен амандық тілейміз! Осы күн біздің шаңырағымызға қуаныш пен шуақ әкелсін!
Қазақстан халқы бірлігінің күнімен шын жүректен құттықтауымызды қабыл алыңыздар!
Туған жеріміз өркендеп, еліміз өрлей берсін!"