07 қыр, 2020 сағат 11:30

ҚХА Қазақстан халқы тілдерінің күнін атап өтті

Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірге Қазақстан халқы тілдері күніне орай, тілдік мәдениет пен жалпы адами рухани құндылықтар принциптеріне негізделген қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты, қазақстандық бірегейлікті, толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту және дамыту мақсатында «Тіл – Қазақстан халқының рухани байлығы» атты онлайн конференция өткізді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Аталған конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасының орынбасары Е.Үйсінбаев, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының басшылары қатысты.

«5 қыркүйек – қазақтың қоғам қайраткері, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттануының негізін қалаушылардың бірі, ғалым және әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күн. Қазақстан халқының тілдері күні – бұл 100-ден астам этностардың біртұтас тату отбасын құрайтын әрбір қазақстандықтың мерекесі. Тілдер күні барша халықты біріктіреді және біздің біртұтас қазақстандық бірегейлігімізді көрсетеді. Оның арқауы мемлекеттік қазақ тілі мен көпұлтты мемлекеттің мәдениеті, ортақ құндылықтар мен қазақстандық патриотизм болып табылады. Бұл мереке біздің азаматтарымызға мемлекеттік тілге және өз ана тілдерін құрметтеуге, Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілігін арттыруға тәрбиелейді. Ол еліміздің түрлі этностарының тілдері мен дәстүрлері туралы білімдерін кеңейтуге ықпал етеді. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір азаматтың үш тілді білуін тіл саясатының маңызды бағыты ретінде айқындады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Осы орайда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Е.Үйсімбаев көпэтносты мемлекет пен ашық азаматтық қоғамның тұрақты дамуының маңызды факторын атап өтті.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының көреген саясатының бастауымен еліміздегі барша ұлт өкілдерінің ана тіліне ешқандай нұсқан келтірілмей, мемлекет қолдауымен өркендеп дамуда. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін қорғауға, оны сақтауға үлкен жауапкершілікпен қарауға міндетті деп санаймын» деді Е.Үйсімбаев.

Осы орайда айта кетейік, ҚХА мүшелері мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру мәселесін талқылады. Бұл дәстүр қызылорда облысында да жалғасын тапты. Атап айтқанда Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен– Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатында Достық үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты дөңгелек үстел өткізді.

Аталған шараға облыстық әділет департаменті қызметкерлері, тіл жанашырлары мен ғалымдар, «Таза тіл» жастар тобы мүшелері, облыстық ішкі саясат басқармасы қызметкерлері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы құрылымдарының және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

«Тіл – мемлекеттің айнасы. Біз мемлекеттік тілді біле отырып, құрметтей отырып, өзге тілдерді де сыйлауымыз керек. Тіл – әрбір ұлттың өзінің мерейі. Сондықтан тіл мәселесін қашан да кейінге қалдыруға болмайды. Мереке қарсаңында мұндай талқылаулардың болуын құптаймын. Мен ғана емес, «Халықаралық «Қазақ тілі» Қоғамы» да тіл мәселелеріне белсене араласуға дайын», - деді  «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат.

Мереке аясында облыстағы тіл саясатын жүргізуге атсалысып жүрген бірқатар тіл жанашырлары облыс әкімінің, облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатттарымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.