27 шіл, 2021 сағат 14:57

Хәрри Поттер қазақ балаларына не береді?



Балалар әдебиетін қолдауға бір жылды ғана емес, он жылды арнасақ та жеткіліксіз. Себебі балалар әдебиеті деген өте үлкен тақырып. Бұл жолда атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мәселен, Steppe & World баспа үйі қазақша оқуды трендке айналдыру мақсатында, дүниежүзінің ең көп сұранысына ие болған кітаптарды аудара бастады. Оның ішінде танымалы – Хәрри Поттер сериясы.

Жоан Роулиңнің сиқыршы бала Хәрри Поттер туралы романдар сериясы қазақ баласына не береді? Туындының қазақ тіліне аударылуы қаншалықты маңызды? «Ұлт» порталы осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.


Раиса Сайранқызы, Steppe & World баспа үйінің негізін салушы:

«Хәрри Поттерді қазақ балалары ғана емес әлемдегі барлық бала сүйсініп оқиды. Ал осындай танымал еңбектің аудару біз үшін міндет. Алғашқыда 80 тілде жарық көрген серияның әлі күнге қазақшаға аударылмағанына, 20 жылдың ішінде бұл істі ешкім қолға алмағанына алғаш таңғалғаным рас. Бұл  мәселені шешуді дереу қолға алдық. Балаларға арналған әлемге әйгілі шығармаларды “Анна Франктың күнделігі”, “Груффало”, “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” деген атаулармен қазақ тіліне аудара бастадық. “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас” романын аударуға бір жылдан астам уақыт кетті. Аз ғана уақыттың ішінде көп оқырманын тауып үлгерген бұл кітап, ең біріншіден, балаларды кітап оқуға баулуға себеп бола алады. Өйткені бұл туындының киносы да, мультфильмі де бар. Ал кітабын оқыңан бөлек ләззат екенін кез келген оқырман жақсы біледі»


Фариза Қуат, ата-ана:

«Менің ұлым 12 жаста. Хәрри Порттердің киносын үзбей көреді. Алғашқыда балаларды баурап алатын неткен кино деп таңғалушы едім. Енді бұл кітаптың қазақшаланғанын естіп, алып беруімді өтінді. Бұл кітап серия болып, көп болып шықса әр сериясын ала бергісі келеді екен бала деген. Ұлымның сонша қуанғанын көріп, таңғалдым. Сұранысқа ие кітапты неге алып бермеске? Кітап балаға не береді деп ойлаудың өзі артық. Ең бастысы бала кітап оқиды. Оның үстіне жаз мезгіліндегі демалыс кезінде балалар үшін таптырмайтын мүмкіндік. Күн салқындағанда далада ойнап алса, ыстқы кезде түскі уақытта бір мезгіл кітап оқиды. Балаларды ата-анадан кейін көгілдір экран мен кітап тәрбиелейді деген пікірге жүз пайыз қосыламын».

Назгүл Қожабек, Жобаның жауапты редакторы:

«Кітап туралы алғаш ақпарат беріп, мұқабасын әлеуметтік желілерде жарияғалы бері «Неге «Гарри» емес, «Хәрри?», «Неге «Роулинг» емес, «Роулиң?» деген сұрақ көбейді. Біз тікелей ағылшын тілінен аудардық. Ағылшын тілінде Harry, «Хәрри» болып оқылады. «Ә» дыбысы ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де бар. Сол сияқты жазушының тегі де қазақ тілінде бар «ң» дыбысымен аяқталып тұр. Сондықтан «Гарри» емес, «Хәрри», «Роулинг» емес, «Роулиң» болады. Сонымен бірге егер Қазақстан латын әліпбиіне толықтай көшкен жағдайда «Гарри» деп аударсақ, Garry деп жазуға тура келеді. Осылайша қате жіберуіміз мүмкін».

Рауан Шынтаева, мұғалім:

«Хәрри Поттер әлемге танымал кейіпкер, танымал туынды. Мектеп оқушыларының сұранысына ие болған туындының қазақшаға аударылуы қуанышты екі еселетті. Балаға не береді деген сауалға келсек.... біріншіден, баланы жалықтырмайды, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Екіншіден, әлем әдебиетімен етене жақындасады. Әлем әдебиетінің де ерекшелігін түсіне бастайды. Үшіншіден, негізгі кейіпкер Хәрри балаларды еңбекқорлыққа, адалдыққа, жауапкершілікке шақырады. Бұл туындының аударылуы қазақ балалар әдебиетіне қосылған өте үлкен үлес деп білемін».

Естеріңізге сала кетейік, Steppe & World баспа үйі қазақша оқуды трендке айналдыру мақсатында, дүниежүзінің ең көп сұранысына ие болған кітаптарды аудара бастады. Оның ішінде танымалы – Хәрри Поттер сериясы. Биыл Қазақстанда «Балалар әдебиеті» жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда, балалар әдебиетін қолдауға бір жылды ғана емес, он жылды арнасақ та жеткіліксіз. Себебі балалар әдебиеті деген өте үлкен тақырып. Бұл жолда атқарылып жатқан шаруалар аз емес.