31 қаң, 2019 сағат 14:17

"Хан есімін иеленген соң әлсіз болуға қақым жоқ" - Жәнібек Әлімханұлы

Бірер күннен кейін кәсіпқой бокстағы бесінші кездесуіне шыққалы отырған боксшы Жәнібек Әлімханұлы осы жекпе-жегінде де қазақы бокс стилін көрсетуге уәде берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жәнібек хан - Қазақ хандығының негізін қалаған хандардың бірі. Еңселі ел болу жолындағы Керей мен Жәнібектің еңбегі тарихта алтын әріппен жазулы. Ұлт үшін өлшеусіз еңбек етті. Бізге де азан шақырып хан есімі қойылған соң, әлсіз болуға қақымыз жоқ. Бабалардай ұлы іс атқара алмасақ та, туды құлатпай, намысты бермей, жеңіспен елді қуанту - негізгі міндетім деп есептеймін. Тақымқысар ағайынға мың алғыс. Мұхиттың арғы бетінде жанкүйерліктеріңізді сезініп жүрмін. Бесінші жекпе-жекке де аз күн қалды. Жексенбіде америкалықтарға Қазақтың бокс стилін көрсетеміз, бұйыртса. Жеңісте жүздесейік. Ту желбіресін!», - деп жазды боксшы Инстаграм парақшасында.

Айта кетсек, бұған дейін қазақстандық спортшы 2 ақпан күні Американың Фриско қаласында (Техас, АҚШ) Сергей Ковалев пен Элейдер Альварес реваншының андеркардында жекпе-жек өткізетінін хабарлаған болатын. BoxRec.com сайтының мәліметінше, Жәнібектің бесінші жекпе-жегіндегі қарсыласы - АҚШ өкілі, The Hitman (жалдамалы кісі өлтіруші) аталып кеткен боксшы Стивен Мартинес (18-4, 13 КО).

Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы төртінші жекпе-жегін өткен жылдың қараша айында америкалық «Жыртқыш» лақап атты Александр Вонмен өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.