18 шіл, 2024 сағат 11:08

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның бұрынғы уақыт белдеуіне оралғаны дұрыс екенін айтты

Сурет: ашық дереккөз

Халықаралық альянс сарапшылары Қазақстанның бұрынғы уақыт белдеуіне оралу туралы шешімін қолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Уақытты қайтару" петициясын қарау жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің бірі Халықаралық табиғи уақыт альянсы (IANT) хронобиология докторы, философия ғылымдарының докторы, Мюнхен университетінің аға ғылыми қызметкері, Еуропалық биологиялық ырғақтар қоғамының, Хронобиология қоғамдарының бүкіләлемдік федерациясының және Еуропалық ұйқы зерттеу қоғамының мүшесі Тилль Роённберг, философия ғылымдарының докторы, Лиссабон университетінің профилактикалық медицина профессоры Кейт Рейс, философия ғылымдарының докторы, Вашингтон университетінің зертхана директоры Эрик Херцог қол қойған үндеуді ұсынды.

IANT үндеуін жұмыс тобының мүшесі Болат Нұрғожаев петиция талқылауы кезінде оқыды.

"Альянс дүниежүзілік үйлестірілген уақыт (UTC) жүйесін қолдануды қолдайды. Бұл жүйе 24 географиялық уақыт белдеуінен тұрады, мұнда 12:00 әр уақыт белдеуінің меридианында талтүспен сәйкес келеді. Бұл адамның биоритмдерін табиғи күн ритмдерімен синхрондауға мүмкіндік береді, бұл көптеген зерттеулер көрсеткендей, денсаулық үшін оң нәтижелерге ие. IANT Қазақстан үкіметінің шығыс облыстарын UTC+5 белдеулік уақытына қайтару туралы шешімін қолдайды. Бұл – 12:00-де күн ортасы келетін уақыт белдеуі. UTC+5 Қазақстанның ірі шығыс облыстарының бойлықтарына сәйкес келеді және халық үшін ең денсаулыққа қолайлы таңдау. Қазақстанның мысалы басқа елдер үшін үлгі бола алады," – делінген үндеу мәтінінде.


Сарапшылардың айтуынша, табиғи стандартты уақытты қолдану азаматтардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсартуға, ұйқы сапасын арттыруға және жұмыс қабілетін жоғарылатуға оң әсер етеді.

Еске сала кетсек, 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысқан болатын. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтардың жарыққа шығындары арта түсті. Наурыз айында ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған.

Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы хабарланған еді.