2017 жылы қазан айында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері латын әліпбиіне көшу жұмыстары кезең кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Ал биыл ұлттық комиссия назарына ұсынылған жетілдірілген латын әліпбиі мақұлданып, мемлекет басшысына жолданған болатын. Ал бұл процес күзге қалдырылған. Қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі республикалық жоспарға өзгерістер енгізілуде. Қоғамдық қатынастардың барлық салаларына латын графикасын енгізу, соның ішінде көрнекі ақпаратты, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді, ісқағаздар ісін жүргізуді, азаматтардың төлқұжатындағы кирилл таңбалаларын латын графикасына ауыстыру және тағы басқа да жұмыстар осы жоспар аясында жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.
Осы орайда тіл мамандарынан аталған поцесстің қалай жүріп жатқанын сұрап көрдік.
Ғабит Абзалбек, Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары:
«Мемлекет басшысының 2019 жылдың қазанындағы тапсырмасына сәйкес уәкілетті орган лингвист ғалымдарды тарта отырып, әліпбиді жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі кезге дейін үкімет жанындағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфаграфикалық топтың отырыстары өткізілді.
Бауырлас елдердің латын графикасына көшу тәжірибесін зерделеу, тәжірибе алмасу мақсатында екі халықаралық конференция өткізілді. Екі республикалық ашық талқылау жұмыстары мен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатымен бірлескен талқылау жұмыстары да жүргізілді».
Ғұсман Жандыбаев, тілші:
«Алдағы 2023 жылы 1-сынып оқушылары латын әліпбиімен сауатын ашпақ. Бұл жаңалық біздің білім беру саламызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірақ әліпби ауыстыру – емле ережелерімізді түгелімен өзгерту дегенді білдірмейді. Жазу мәдениетімізде әліпби ерекшелігіне қатысты ішінара кейбір жаңғырулар болу мүмкіндігіне қарамастан, тұтастай алғанда, тіліміздің заңдылығы өз қалпын сақтайтыны сөзсіз. Осыған байланысты, жазба тіліміздің бүгінге дейінгі бір ізге түспеген проблемаларын жаңа әліпбиге өтпей тұрып шешіп алу міндеті алдымызда тұр. Бұл – әсіресе емле ережелеріне қатысты мәселе.
Бұл – жазу сауаттылығы, емле мәселесі. Айтпақшы, мұның өзі де – тек емле ғана емес. Өйткені, ғылыми және әдеби жағынан дұрыс түзілмеген (құрастырылмаған) сөз бен сөйлемді, мәтінді емленің ережесіне де «көндіру» мүмкін бола бермейді. Грамматикалық жағынан қатесіз болу үшін ол сөйлем әдеби тұрғыдан сауатты жазылуы тиіс. Шала сауатты құрастырылған сөйлемге тіпті тыныс белгіні де ережеге сай қоя алмайсыз. Сөйтіп, айналып келгенде, сауаттылықтың тілдік шарттары да бәрібір ойға, білімге келіп саяды. Яғни, дұрыс сөйлей алмаған, дұрыс жаза алмаған адамдар туралы «тілі жетпей тұр» деудің орнына ойы, білімі жетпей тұр деген орынды болмақ».
Анар Фазылжан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы:
«Әліпби ауыстыру тек таңба өзгерту емес. Ол тілге жасалатын үлкен реформа. Тіліміздегі жазба коммуникациясын оңтайландыруға арналған біршама оң өзгерістер орын алады. Ол ережелерге шет тілінен енген сөздерді қазақ тілінің емле-ережелерге сәйкес қазақшалап жазу сынды өзгерістер енгізілді. Барлық кірме сөздерді қазақшалау жазарман үшін қолайсыздық тудырады. Осыны ескере отырып ғалымдарымыз реформаны эволюциялық жолмен жасамаққа бекінді. Жаңа әліпбиге қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан ұсыныстар легі әлі де бар. Десе де, жетілдірілген әліпби көпшіліктің көңілінен шыққанын әлеуметтік желі беттерінен, БАҚ мәліметтерінен көре аламыз. Институт осы ұсыныстарға жауап берумен де айналысатынын» тілге тиек етті».
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы қазан айында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері латын әліпбиіне көшу жұмыстары кезең кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Ал биыл ұлттық комиссия назарына ұсынылған жетілдірілген латын әліпбиі мақұлданып, мемлекет басшысына жолданған болатын. Ал бұл процес күзге қалдырылған. Қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі республикалық жоспарға өзгерістер енгізілуде.