Еліміздегі кейбір оқу орындарында ескірген әдебиеттер ұсынылған. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары рейтингісінің екінші кезеңіне қатысты өткен брифинг барысында логистика бойынша сарапшы Жарқын Байпақбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарындағы көлік-логистикалық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларына талдау жүргізу кезінде біршама кемшіліктер анықталды. Білім беру бағдарламаларының барлығы жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келеді деп ойламаймын. Біз бағалау кезінде білім беру бағдарламасының тақырыпқа сай болуы, мақсаты мен мазмұнының тереңдігі, ұсынылған әдебиеттердің заманауи болуы, жаңашылдықтарға үйлесімділігін қарастырдық. Жалпы, логистика мамандығы тәжірибеге бағытталған мамандық болып саналады. Ертеңгі күні-ақ логистика мамандарына деген сұраныс өте жоғары болады. Себебі, еліміздің аумағы өте үлкен, оның транзиттік әлеуеті жоғары», - деді Байпақбаев.
Сарапшы білім беру бағдарламаларын бағалау кезінде анықталған бірқатар кемшіліктерге де нақты тоқталды.
«Кейбір жоғары оқу орындарының құжаттары толық емес. Кейбірінің силлабусы жоқ, кейбірінде элективті мамандықтар бойынша каталог жоқ, каталог бар болса, мақсаты мен мазмұны қайталанған. Сондықтан, аралас әрі бір-біріне жақын мамандықтарды қарастыру кезінде бір-бірі қайталауы көп болды. Сонымен қатар, белгіленген уақыттың тым көп бөлінуі кездеседі. Мысалы, коммерциялық логистика мен тарату және қамтамасыз ету логистикасы бойынша кредиттер саны бірдей, мазмұны да бір-біріне ұқсайды. Екеуіне де үш кредиттен бөлінген. Бұл студенттер үшін ауыр жүктеме болып кетеді. Соны қысқартқан жөн. Сонымен қатар, логистика мамандығы үшін кейс-әдістерді де енгізу керек. Олар мүлде қарастырылмаған. Кей жоғары оқу орындарында ескірген әдебиеттер ұсынылған. Заманауи жақсы журналдар, интернет-ресурстарға сілтеме жасалмаған. Осыны да ескеру керек. Ақпарат пен технология замамында бұл студенттер үшін аса маңызды. Студенттердің ағымдағы өзгерістерге өте жылдам икемделуі маңызды болып табылады», - деді спикер.