Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей журналисі Тигран Кеосаянға нон грата персонасы статусын беру процесін бастады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Сол күні Кеосаянды елімізге кіруге рұқсат етілмеген тұлғалар тізіміне енгізу процесін бастадық. Дипломатиялық тәжірибеде кейде мұндайды қолданамыз", - деді Айбек Смадияров.
Естеріңізге сала кетейік, 24 сәуірде Кеосаян YouTube-арнасында видео жариялаған. Онда ол қазақстандықтар "Украинаға қарап, жақсылап ойланыңдар, оң-солдарыңды дұрыстап таныңдар" деген мағынада үн қатқан.
Сондай-ақ 9 мамырда өтетін әскери шерудің тоқтатылуына көңілі толмайтынын айтып, Ресейдің "жауапты тұлғалары" "қарым-қатынас деңгейін қайта қарауы керек" екендігін мәлімдеген еді.
Кейінірек Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресейлік журналист Тигран Кеосаянның Қазақстан туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген болатын.
«Ресейлік журналист Тигран Кеосаянның қорлайтын, объектив емес сөздері назарымызды аударып отыр. Мүмкін, оның мәлімдемесі Ресей қоғамы мен саяси истеблишменттің белгілі бір бөлігінің көзқарасын көрсететін шығар. Бірақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастық рухы мен мазмұнына және мемлекет басшылары деңгейіндегі келісімдерге мүлдем сәйкес келмейді. Мұндай сөздер тату көршілік қарым-қатынасымызға селкеу түсіреді және стратегиялық серіктестігімізге қарсыларға қолайлы болмақ. Ол Қазақстанға келуі құпталмайтын адамдардың тізіміне енгізіледі деп ойлаймын», - деген еді Айбек Смадияров.
Тигран Кеосаян - RT телеарнасы, "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігі және Sputnik ақпарат агенттігінің бас редакторы Маргарита Симоньянның күйеуі.
738 рет оқылды