13 нау, 2019 сағат 14:02

Геосаясат маңызы немесе Кеңістіктің өлшемі қандай?

Елбасы Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізгенін әрдайым тілге тиек етіп келеді.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында: «Еліміздің сыртқы саясаты ұлттық мүдделерді прагматизм қағидаттарымен жаңғыртуды және ілгерілетуді талап етеді. Бұл процеске бірқатар ішкі және сыртқы факторлар ықпал етеді», - деп нақты көрсетілген.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық сана, идеология мәселелерін пайымдауда мінсіз гуманистік, жалпы адамгершілік ұстанымды қолдайды. Сонымен қатар, Елбасы «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ, қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» деп мәлімдейді.

Бұл ретте «кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның  өлшемі» екенін, «ақ» пен «қараның» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін  ескере отырып, кеңістікті пайдалануда, кеңістікте өмір сүру жолында, кеңістікті бақылау жөніндегі еуразия халықтарының саяси-экономикалық тарихындағы кейбір тәжірибелерін атап, көрсетіп кеткен орынды секілді.

Ұлттың, халықтың өмірі белгілі бір кеңістікпен (территориямен), мемлекетпен байланысты екендігі белгілі. Қазақтың, жалпы түркі халықтарының ата-бабалары ежелгі заманнан бері мемлекет пен кеңістіктің бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екендігін білген. Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жылдың басында Мөде тәңірқұт ғұн тайпаларын біріктіріп қуат жинай бастайды. Көрші мемлекеттің елшілері тәңірқұттан мініп жүрген сәйгүлігін және тағы басқа құндылықтарды сыйлауды сұрайды. Мөденің кеңесшілері көрші елдің сұрағандарын бермеуді ұсынады. Мөде «көршілерден соларды аяймыз ба?» деп, сұрағандарының барлығын береді. Көрші мемлекеттің елшілері келесі жолы Мөдеден екі елдің арасында жатқан тақыр жерді сұрайды. Кеңесшілері «тақыр жерде шаруашылқ жүргізу икемсіз» деген сылтаумен көрші елге сұраған жерді беруге болатынан айтады. Мөде: «Жер мемлекеттің негізі, оны қалайша беруге болады?» - деп, жерді көрші мемлекетке беруге кеңес жасағандарды жазалайды. Тарихи деректерде келтірілген осы оқиға көшпенділердің мемлекет және кеңістік, территория және мемлекеттілік туралы ұғымдарының ежелгі заманда-ақ қалыптасқанын дәлелдейді.     

Ғалымдар ұлттың, халықтың белгілі бір кеңістікте өмір сүріп, оны дұрыс пайдалана біліп, кеңістікті бақылай алу өнерін геосаясат немесе геостратегия деп атайды.     

Геостратегиялық тәжірибе бұрынғы заманнан бері қалыптаса бастаған. Бұл тәжірибенің алғашқы көрінісіне идеология мен экономикалық бақылау орнату, ежелгі соғыс және саясат жүргізу өнерлерін жатқызуға болады. Бұлардың соңғысы ғылым мен  техниканың дамуына қарамастан, өзінің ежелгі заманнан бері келе жатқан мазмұны мен әдісінен айырылған жоқ.

Ғылым мен техниканың дамуына орай ел мен жерді қорғаудың әдіс-тәсілдері, негізгі жолдары өзгерді. Қазақстан тәуелсіздік жариялады. Ел астанасының солтүстікке көшіріліп, жаңа қаланың салынуында үлкен геосаяси мақсат жатты. Ол мақсаттың мәні бұрын геосаяси кеңістікте орын алған өзгерістердің барысын тоқтатып, Қазақстан мемлекеттігін нығайту, Қазақстан халқының оңтүстік пен солтүстіктегі демография арасалмағын реттеуді қамтамасыз ету болып табылады.

Соғыс өнері туралы трактат идеологиялық фактордан басқа – географиялық, экономикалық және саясат жүргізу мәселелерін қамтыды.

Мемлекет құрылымы мен геосаясатта маңызды орын алатын экономикалық факторға байланысты Сунь-цзы: «Егер сенде мың жеңіл және мың ауыр арба, жүз мың әскер болса және егер азықты мың шақырымға апару қажет болса, онда ішкі және сыртқы шығын… күніне мың алтынды құрайды… Соғыс кезінде мемлекет азықты алысқа таситындықтан кедейленеді. Азықты алысқа тасу қажет болғанда халық кедейленеді. Әскерге жақын орналасқандар қымбат сатады; ал олар қымбатқа сатқан соң, халықтың қаржысы азаяды; қаржысы азайғанда міндеткерліктерді (заңға бағындыру/бағыну) атқару қиын», – деп, экономикалық фактор мен мемлекетті басқару арасындағы тікелей байланысты көрсетеді. Ол соғысты пайда табу үшін күрес деп қарастырады: «Пайда табу дегеніміз – жеңіс», – деп, «жақсының жақсысы – жүз рет соғысып, жүз рет жеңу емес, жақсының жақсысы – бөтен әскерді соғыспай-ақ жеңу. Сондықтан ең жақсы соғыс – алдымен  жаудың ой айласын талқандау, содан кейін оның одақтастарын, кейін – оның әскерлерін талқандау», – деп жалғастырады. Ежелгілердің осы сөздерінен біз ұлттың санасын (идеологиясын) жою, экономикалық бақылау орнату, ену арқылы соғыспай-ақ көздеген мақсатқа жетуге болатынын білгендерін аңғарамыз.

Осыған орай, мемлекеттің байлығын, экономикалық қуатын арттыру үшін Сунь-цзы: «…соғысты жүргізу тәртібі бойынша ең жақсысы – жаудың мемлекетін талқандамай сақтап қалу…», – керектігін жазады. Сондықтан Суньцзы: «Соғыс – жауды алдау жолы», – деп пайымдайды.

Экономикалық фактордың мемлекет өмірінде алатын шешуші орны жайында ғұндар мен түркілердің тарихынан анық көруге болады. Түркі елбасылары өздерінің өсиеттерінде бұл жағдайларға көп көңіл бөлді. Орхон ескерткіштерінің мәтініндегі: «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. (Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты  өзіне сонша жақындатар еді… Тәтті сөз, асыл дүниесіне алданып Түркі халқы, қырылдың, жойылдың», – деген сөздер осыны куәландырады.

Ежелгі және Орта ғасырлардағы мемлекеттердің тарихынан экономикалық стратегия мен географиялық фактор арасындағы байланыстарды ажыратуға болады.

Кеңістікті, мемлекетті басқаруда маңызды орын алатын фактор – саясат немесе саяси лидердің қызметі – туралы да Ежелгі және Орта замандағы тарихи деректерде мол мағлұматтар сақталған. Саясат жүргізу, саяси лидердің қызметі мемлекет құрылымындағы функцияларды реттеуде, функциялардың ішкі және өзара тұрақтылығын орнатуда үлкен роль атқарады. Саясат жаудың ой-айласын болжап білуге, оларға тосқауыл қоя алуға мүмкіндік береді әрі үлкен шеберлікті талап етеді.

Саяси шеберліктің бір көрінісіне келесі оқиғаны жатқызуға болады. Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жж. Мөде бастаған ғұндар күшейіп, қытай императоры Гау-ди олардан жеңіле берген соң, кеңесшілерінен ғұндарды қалай жоюдың амалын сұрайды. Сонда Гау-диге кеңесшісі: «Ел іші енді ғана орнықты. Осындай жағдайда ғұндарды қарулы күшпен бағындыру тым қиын… Алдияр, менің ақылымды алып, патшайымнан туған үлкен ханшаны мол жасаумен бүдүнге әйелдікке ұзатыңыз. Бүдүн тірі жүрсе, күйеу балаңыз ретінде өзіңізді сыйлар еді, өлсе, орнына жиеніңіз тәңірқұт (шаньюй) болып тағайындалар еді. Жиеннің нағашы атасымен үзеңгі қағысқаны қайда бар? Сөйтіп ғұндарды соғыссыз бағындыра алар едіңіз…», – деп ақыл берді. Ежелгі Қытай мемлекетіндегі тұрақсыздық жауды күшпен жеңуге мүмкіндік бермеген соң, саяси әдістер іске қосыла бастады.

Орта ғасырлардағы орыс князьдарының бірі Александр Невский Алтын Орда билеушілерімен туысқандық қатынас орнату арқылы орыстарға қауіп төндірген шведтер мен немістерді ойсырата жеңіп отырды. Ал жаңа кезеңдегі Герман империясының кайзері Отто фон Бисмарк өзінің естеліктерінде жоғарыда келтірілген жол бойынша Англияның Пруссия, ал кейінірек Герман саясатына тигізіп келген ықпалын былайша сипаттады: «Соғыс қимылдарын жүргізудегі қандай да бір өзгерістер лебі әдетте корольдан емес, бас штабтан немесе жоғарғы қолбасшы кронпринцтен шығатын. Бұл топтардың, адами тұрғыдан алғанда, олардың дос кейпіне бөленгенде, ағылшын ықпалына түскендігі түсінікті: кронпринцесса, Мольткенің марқұм әйелі, бас штаб бастығының әйелі … және бас штабтағы одан кейінгі ең беделді офицер фон Готбергтің әйелі – барлығы ағылшындар еді». Саясаттағы осы тәсілдің талай империялардың күйреп, пайда болуына түрткі болғаны белгілі.

Цинь дәуіріне дейінгі тарихи-әдеби шығармаға жататын «Го юй» (Патшалықтар сөзі) жазбаларында қыз ұзату және келін түсіру мәселесіне үлкен саяси мән берілгенін аңғаруға болады. Чжоу патшалығының сөздерінде: «Неке қию – опатқа немесе бақытқа әкелетін баспалдақтар болып табылады. Олар арқылы көтерілген кезде пайда үйге әкелінсе бақытқа қол жеткізіледі, егер пайданы басқалар көрсе, ол опатқа әкеледі» делінген.

Конфуций бойынша дипломатия өнерінің негізгі жағдайы мынада: «Көрші елдермен достықты істердегі адалдыққа негіздеп, қолдау керек; алыс елдермен адалдықты сөзбен білдіру қажет» – болды.

Саясат тиісті геосаяси талдау жасалынып, шешім қабылданған соң, белгілі бір геостратегияны жүзеге асыруға арналады. Сондықтан саясат немесе оның «ерекше» көрінісі – соғыс өнері – геостратегияның, сонымен қатар геосаясаттың құрамдас бөлігіне, олардың құралына  жатады.

Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосуда.

Міне, осылайша кеңістікті бақылаудың ежелден келе жатқан құрамдас бөліктері – соғыс өнері, дипломатия, экономикалық бақылау және идеология – өздерінің өзектілігін жоғалтпай, қазіргі уақыттағы халықаралық саяси өмірде де көріністерін табуда.

Уақыт пен кеңістіктің жаңғырған көкжиегі тоғысқан кезде ұлттың жаңа тарихы басталмақ. Халқымыздың, мемлекетіміздің өмір сүру кеңістігі анықталып, нығаю үстінде. Ұлттық, халықтық деңгейде кеңістік мәселесі мемлекеттің территориясымен анықталып, өлшенеді. 

Жанғали Дәдебаев

саяси ғылымдар кандидаты