24 қаз, 2018 сағат 07:12

Кеңестік жүйенің кез-келген элементін қорғау - ұлтымызды қорлау

Коммунистердің белбаласы - комсомолдың 100 жылдығын тойлағанға, бұ қазақтың неғып өті жарылды деп жатқандар бар. Ағаларыңызды, бастықтарыңызды қалай ақтасаңыздар да, бұл жолы көптің өкпесі орынды. Қарақтарым-оу, айтыңыздаршы, дәл біздей, ВЛКСМ-ның жүзжылдығын елден бұрын, мемлекеттік деңгейде Ресей тойлатып-уралатты ма?! Тойлаған жоқ қой! Ендеше, бабаларын қынадай қырып тастаған қазаққа не жорық? 

Әлиxанның тойына келіп, ұлтқа лұғатты сөз айтуға жарамаған игі жақсыларымыз, комсомолды тойлатуға "аяқтары" жетіпті.

Алаштың жүз жылдығын мемлекеттік масштабта атап өтуге сараңдық танытқандар, Құдайдан безген "құзғынның" қызығына мырзалық танытыпты. 

Ұлтымыздың марқасқалары дүниеден өтіп жатқанда, бір уыс топырақ салып кетуге қолы тимейтіндер, комсомолды еске алуға төбе көрсетіпті.

Кеңестік жүйеден іргесін аулақ ұстаған ТМД-лық 15 мемлекеттің қайсысы Парламенттің төрінен коммунистерге орын берді? Бізден басқа? 

15-тің қайсысының билігі орысша шүлдірлеп жүр?

15-тің қайсысы Еуразиялық Одақты құруға емешесі езіліпті?

15-тің ішінде дүбірлетіп комсомолдың туын көтеріп, Ленин значогын кеудесіне тағып жатқан латыш, эстон, өзбек, тәжікті көрдіңіздер ме?

Әрі-беріден соң, 15 мемлекеттің ішінде қай ұлт әлеуметтік желіде, дәл біз секілді, комсомолды қорғап ырылдасып жатыр?

Кеңестік жүйенің кез-келген элементін қорғау - ұлтымызды қорлау! 

Ал оның символын тойлау - бабалар жолына, қазақтың көз-жасына түкіру! 

Америкалық жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Перл Бак былай деп ой толғап еді: "Адамды кешіру - үлкен даналық, екінші рет кешіру - шексіз мейірбандық, үшінші рет кешіру - барып тұрған ақымақтық!" деп.

Тұтас ұлтымызға ғасырлар бойы геноцид жасап, қорлықтың "көкесін" көрсеткен жүйеде қазақтың жеті атасының кегі бар. Бұл жай кек емес, тектің кегі... Бабалардың жейдесіне жұққан қан кепкен жоқ және алдағы ұрпақтың ол кекті кешуі екіталай...

Дина Елгезектің фейсбуктағы жазбасынан