Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қаруы Омбы тарихи-өлкетану музейінің архивінде сақтаулы. Бұл туралы Омбы тарихшысы, өңірлік Өлкетанулық ақпарат орталығының жетекшісі Алексей Сорокин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 30 маусымда Мәскеуде Ресей басшысы Владимир Путинмен өткен кездесуде одан Кенесары ханның сүйегін іздеуге және қайтаруға көмек сұраған болатын. Ол жайында Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлаған еді.
Бірқатар тарихи деректер XIX ғасырда Ресей империясына қарсы көтеріліс жасаған және Қырғызстанда өлтірілген ханның сүйегі Ресей Федерациясына жіберілгенін көрсетеді.
Назарбаевтың өкілінің айтуынша, Путин оны Ресей тарапының бұл мәселеде көмек көрсететініне сендірген.
«Өлкетану мұражайында XIX ғасырдың ортасындағы қазақ ақсүйектеріне тиесілі бірнеше білтелі мылтық бар. Соның бірі - бедерлі білтелі мылтық туралы мұражайдың бұрынғы қызметкерлері бұл Кенесары ханның мылтығы екенін айтты. Ал Орыс Географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің мұрағатында генерал-губернатор Колпаковский (XIX ғасырда қазіргі Қазақстан аумағында және Батыс Сібірдің бір бөлігінде Ресей империясының Дала генерал-губернаторлығын басқарған Герасим Колпаковский) 1897 жылы мұражайға Кенесары ханның мылтығын шынымен бергені туралы құжат бар», - деді Сорокин.
Оның пікірінше, мұражайға қазақтың соңғы ханының мылтығы берілген деп айтуға негіз жеткілікті.
«Колпаковский - Қазақстандағы аса құрметті адам, Верный қаласының негізін қалаушылардың бірі (қазіргі Алматы), Орта Азияны зерттеуші және көптеген жарияланымдардың авторы. Ол өлкетану мұражайына біраз экспонаттар берген, ол кезде мұражай Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің мұражайы болды»,-деді өлкетанушы.
Ол қазір мұражайда сақталған молынан әшекейленген мылтықтардың қайсысы ханға тиесілі екенін нақты айту мүмкін емес екенін атап өтті.
«Революция болды, барлық жазбалар ескі кітаптарда болды, келіп түскен экспонаттардың қалыпты санағы Ұлы Отан соғысынан кейін жүргізіле бастады», - деп түсіндірді Сорокин.
Кенесарының сүйегін іздеу
Кенесары Қасымұлы Қазақ хандығының соңғы ханы болды. Ол 1837 жылдан 1847 жылға дейін созылған қазақ халқының Ресей империясына қарсы ең ірі көтерілісін басқарды.
1847 жылы сәуірде ол Қырғызстан аумағында өлтірілді. Кейбір мәліметтер бойынша, ханның басы Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Петр Горчаковқа Омбыға жіберілген.
Алайда Сорокиннің айтуынша, бұған ешқандай құжаттық дәлел жоқ.
«Андрей Федорович Палашенковтың (1943-1957 жылдары Омбы өлкетану мұражайының директоры) үзінді көшірмелерінде кейбір ескертпелер бар, бірақ үзінді көшірмелер жасалған түпнұсқа мәтін табылған жоқ», - деп нақтылады өлкетанушы.
Сорокиннің пікірінше, егер ханның бас сүйегі Омбыда болса, онда ол революция, азамат соғысы кезінде, сондай-ақ Омбы мұрағаты мен мұражайы бірнеше рет көшкен кезде жоғалған.
«Жалпы, бассүйек Омбыда болған деп санауға жеткілікті негіз жоқ. Палашенковке құрметпен қараймын, бірақ ол бассүйек туралы нақты деректерді емес, әлдебір аңызды жазған», - деп қорытындылады Сорокин.