25 сәу, 2022 сағат 14:00

Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарындағы жағдайға байланысты комиссия құрылды


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Қазығұрт және Сарыағаш ауданындағы жауын-шашын салдарын жою бойынша арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістанда өткен мәжілісте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев елді мекендерді судан тазартып, тұрғындарға заң аясында көмек көрсетуді тапсырды.

«Қазығұрт пен Сарыағаштағы жағдай бойынша арнайы комиссия құрылып, шығындар объективті есептелуі тиіс. Мал шығыны бойынша Ауыл шаруашылығы басқармасы тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде өз міндеттерін орындасын. Бұл – жергілікті, аудандық деңгейде шешілетін мәселе. Біздің жіті назарымызда тұр», – деді Өмірзақ Шөкеев. 

Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов Қазығұрттағы 4 елді мекен мен Сарыағаштағы бір елді мекенде жауын-шашын салдарын жою бағытында түнімен жұмыс жүргенін, әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Анықталғандай, 53 үйдің ауласына, сонымен бірге 18 үй, 1 мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кірген. 

Төтенше жағдай салдарын жоюға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 56 және жергілікті әкімдіктің 19 қызметкері жұмылдырылған. 15 техника мен 13 мотопомпа жұмыс істеп тұр. 

«Адам шығыны жоқ, жағдай толық бақылауға алынған. Мал шығыны есептелуде. Жалпы, қауіп-қатер сейілді. Эвакуацияланған 50 тұрғын өз үйлеріне қайтарылды. Жұмыс жалғасып жатыр», – деді департамент бастығы.