Энергетика министрлігінде өткен кеңестен соң Павлодар Мұнай-химия зауыты бас директоры жұмыстан босатылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ұлттық мұнай компаниясының сайтына сілтеме жасап.
2017 жылғы 7 қарашада энергетика министрі Қанат Бозымбаев жұмыс кеңесін өткізді. Онда Қазақстанның үш МӨЗ-ін жаңғыртудың ағымдағы мәселелері талқыланды. Топ-менеджерлердің әрқайсысы зауыттардағы қалыптасқан жағдайды және ЖЖМ-ның барлық түрін жеткілікті мөлшерде өндірудің жаңа мерзімдері туралы баяндады.
ПМХЗ бас директоры Шухрат Данбайдың ақпараты бойынша Еуро-4 және Еуро-5 класты жоғары октанды бензинді үлкен көлемде өндіруге мүмкіндік беретін жабдық - католитикалық крекингтің жаңа қондырғысын сынау 10 қарашаға белгіленген.
Алайда, тағы бір үлкен проблема бар екендігі анықталды - зауытта дизель отынын өндіруге қажет сутекті өндіру қондырғысы бірнеше апта бойы жұмыс істемей тұр. Оны жөндеу желтоқсанның ортасына дейін созылуы мүмкін, бұл елімізде дизель отынының жетіспеушілігіне алып келуі мүмкін.
"Қараша және желтоқсан айларында зауытта дизель отынын өндіру 150 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендейді, яғни ай сайын 125 мың тоннаға кем. Бұл айқын жағдай. Сіздер жұмысты орындамадыңыздар", - деді Қ. Бозымбаев Ш. Данбайға. Өз кезегінде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев ішкі нарықта сату үшін қазіргі нарықтық бағамен - литрына 157-160 теңге - импорттық (ресейлік) дизель отынын сатып алу арқылы компания өз шығыны есебінен қалыптасқан проблеманы шешетіндігін хабарлады.
ҚР Энергетика министрлігінде өткен кеңестің қорытындылары бойынша "ҚазМұнайГаз - қайта өңдеу және маркетинг" АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Данбай Шухрат Абдурашитович атқаратын қызметінен босатылды. "ПМХЗ" ЖШС бас директорының міндетін атқарушы болып Алсеитов Оспанбек Балтабаевич тағайындалды.