06 қар, 2016 сағат 15:53

Қазіргі әріптестерімізге не жетіспейді?

Біздің жас кезімізде «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» басылымдары, «Жұлдыз», «Жалын» журналдары» басқа да облыстық, аудандық газеттер үлкен таралыммен шығып жататын. Мәселен, «Лениншіл жастың» таралымы 280 мыңнан, «Қазақ әдебиетінің» таралымы 100 мыңнан асатын, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарының да тираждары үлкен еді. Ол кезде халықтың көбісі, әсіресе, малды ауылдағы жұртшылық басылымдарды үзбей оқитын.

Мен «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жалын» журналында қызмет еттім. Сонда байқағаным, ол кезде қалам ұстайтындардың, әсіресе, әдебиетші боламын дейтін азаматтардың басым көпшілігі «Жұлдыз» бен «Жалында», «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеуді қатты армандайтын еді. Олар неге армандады? Себебі, олар шын мәнісінде таза шығармашылық жұмыстармен айналысамын деп ойлады. Және солай болды да.

«Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті сол кезде де ең беделді басылым болды. Қарашаңырақ дейді ғой. «Социа­листік Қазақстан» газетінде жұмыс үдерісі тәртіпке, белгілі бір ережеге бағынушы еді. Әркімнің өз орны болатын. Мәселен, коррек­торлық бөлім, хат бөлімі, секретариат, басқа да құрылымдар белгілі бір қалыптасқан ырғақпен жұмыс істейтін. Қазір көп басылымда осы мәселе ақсап жатыр. Кейде маған еліміздегі республикалық газеттер халықпен байланысын жоғалтып алған секілді болып тұрады. Әрине, бір қарасаңыз, редакцияға жазылған хаттың бәрі шығып жатқан сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, ол жеткілікті деңгейде емес.

Кезінде бір журналист жігіттер «Комсомольская правдаға» тәжі­рибеден өтуге барғанда, лездеме басталмай жатып олардан редактор: «Қандай хат бар?» деп сұрайды екен. Міне, бұл – халықпен байланыстың ең жақсы көрінісі. Сонымен қатар, егер бір журналистің басылымда қандай да бір повесі шықса, оған жан-жақтан хат келіп жататын еді. Ол хаттарда: «Бұл жігіттің повесі былай жазылыпты» деген тұрғыда жақсы пікірлерді айта келіп, сөз қолданысындағы кемшіліктерді де көрсетіп отыратын. Ал қазір халықпен тікелей байланыстың осындай көрі­ністерінің жоқтығы анық сезіледі.

Тағы бір мәселе бар. Кейде бір адамдар жақсы бір мақала жазады да, артынан көрінбей кетеді. Мен талай адамды мысалға келтіре аламын. Олардың көрінбей кету себебі неде? Себебі, оларды кәсіби тұрғыдан көтермелеу, ынталандыру тетіктері дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, орыстың Паустовский деген жазушысы іссапарларда жүріп, «Қара бұғаз» секілді үлкен шығармалар жазды. Егер кез келген журналист Балқаш не болмаса, Алакөл, Арал туралы жазғысы келсе, сол жерлерге арнайы баруы керек. Тәкен Әлімқұловтың жылқыны жазатыны сияқты үлкен тақырыптарды меңгеруі және игеруі үшін кәсіби деңгейге жетуі керек. Ал ол дәрежеге жетуі үшін оған жақсы қаламақы төленіп, қолдау көрсету қажет. Бұл бүгінде кез келген басылымға тән мәселе болып тұр.

Бұлардан бөлек, біз қазір жазылған мақалада оның өз поэтикасы, орындалу ерекшелігі, темпераменті болуы керектігін көбіміз ескере бермейміз. Очерк жанры кездеспейді, іссапармен барып келіп, жазылатын арнайы мақалалар жоқ. Бір арнаға түсіп алып жазылатын біржақты дүниелер көп кездеседі. Кезінде «Известия» газетінің журналистері мемлекет басшысы барған жердегі әлеуметтік жағдайды, я болмаса саяси портретті ғана емес, ондағы жалпы атмосфераны, ахуалды сұмдық ашып беретін. Ал қазір көп журналисте философиялық ойлау жүйесі арқылы үлкен ауқымдағы дүниені беретін қасиет байқала бермейді. Журналистің бойында жазушылық та, философиялық та, экономиске де, әлеуметтанушыға да тән қасиеттердің ұшқындары болуы керек. Бізде осы жағы кемшін түсіп жатады. Бұл мәселе еліміздің бүкіл республикалық газетінде қозғалуы керек.

Журналист халықты психо­логиялық тұрғыда жан-жақты зерттей білуі керек. Ол үшін бір елге барып, оны аралап, үлкен психологиялық очерктер жазуы қажет. Халықты білмеу, оның ішіне тереңірек үңілмеу деген, міне, осындайдан шығады. Бізді осы жағы қатты ойландырады. Жалпы, халықты үлкен дәрежеге жеткізу үшін, үлкен білімдарлыққа апару үшін журналистиканың үлкен корпусы қалыптасуы керек. Міне, осындай қадау-қадау мәселелер шешілгенде ғана журналистиканың беделі көтерілмек. Ол кезде қоғам да үлкен олжаға кенелер еді.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы