02 шіл, 2022 сағат 10:00

"Қазфосфат" зауытында екі жұмысшы қаза тапты


Жамбыл облысындағы кәсіпорында қайғылы жағдай болды. Екі жұмысшыны фосфор ұнтақтайтын қондырғы турап тастаған, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Оқиға 30 маусымда "Қазфосфат" серіктестігінің Сарысу ауданындағы бөлімшесінде болған. "Қаратау кен өндіру" комбинатындағы фосфор ұнтақтайтын қондырғыны жөндеу кезінде ол іске қосылып кеткен.

Ақпаратқа сәйкес, ішінде бес адам болыпты. 35 және 28 жастағы екі қызметкер сол жерде жан тапсырса, өзге үш адам жеңіл жарақатпен құтылды.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, құрылғы екі жігіттің денесін кескілеп, бөлшектеп тастаған. Қаза тапқандар дәнекерлеуші және слесарь болып жұмыс істеген.

Қазір осы дерек бойынша іс қозғалып, тергеу басталды.

«2022 жылдың 1 шілдесінде полицияға «Қазфосфат» ЖШС екі қызметкердің қаза тапқаны туралы ақпарат келіп түсті. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 156-бабы 4-бөлігі (Еңбекті қорғау ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.