Фото: "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы АҚ-ның басқарма төрағасы болып Мейіржан Жүсіпов тағайындалды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
28 қыркүйекте Директорлар кеңесі компанияның басшылық құрамына өзгерістерді мақұлдаған.
Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның қазіргі басқарма төрағасы – Директорлар кеңесінің мүшесі Ержан Мұқанов 2023 жылдың 2 қазанында қызметінен кетеді.
Оның орнына «Kazakh Invest» АҚ-ның басқарма төрағасы қызметін атқарған және 2015-2020 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсіптің» экономика және қаржы жөніндегі бас директоры болған Мейіржан Жүсіпов тағайындалды.
Бұдан бөлек, компанияның экономика және қаржы жөніндегі бас директоры Сұлтан Темірбаевтың 28 қыркүйектен бастап «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының құрамына кіруі мақұлданды.
Осылайша, қазіргі уақытта «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның басшылық құрамы келесідей:
- Мейіржан Жүсіпов, басқарма төрағасы (2023 жылғы 2 қазаннан бастап);
- Қуаныш Омарбеков, өндіріс жөніндегі бас директор;
- Дастан Көшербаев, коммерция жөніндегі бас директор;
- Сұлтан Темірбаев, экономика және қаржы жөніндегі бас директор;
- Ермек Қуантыров, құқықтық сүйемелдеу және корпоративтік басқару жөніндегі бас директор;
- Әлібек Алдоңғаров, HR және өндірістік қауіпсіздік жөніндегі бас директор;
- Мұхит Мағажанов, сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор.