Қазан айында Ресейден 100 мың тонна АИ-92 бензині импортталады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Күн тәртібіне кіріспес бұрын жанармай және көмірмен қамтамасыз ету мәселесіне тағы да бір рет тоқталғым келіп отыр. Өткен аптада мемлекеттік органдар мен әкімдер барлық мәселелер жуық арада шешіледі деп сендірген болатын. Осыған байланысты бірқатар мәліметтерді жауапты қызметкерлерден алғым келіп отыр», - деген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев алғашқы сөзді Энергетика министрлігіне берді.
Өз кезегінде ол республикадағы бензинге қатысты жағдайды тұрақтандыру үшін министрлік өткен аптада бірқатар шараны қабылдағанын атап өтті.
«Бірінші, қазан айында Шымкент және Атырау зауыттарында мыналардың есебінен АИ-92 бензинін өндіру көлемі 130-дан 165 мың тоннаға дейін ұлғайды: Шымкент зауытын мұнаймен барынша жүктеу 380-нен 490 мың тоннаға дейін ұлғайтылды және екі зауытта да АИ-95 бензинін өндіруді тоқтату есебінен АИ-92 бензині қосымша шығарылды. Екінші, Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» АҚ-ына жеңіл мұнайдың 20 мың тоннаға дейінгі көлемін қосымша жетізу ұйымдастырылып, соның арқасында осы айда қосымша 4,5 мың тонна АИ-92 шығарылатын болады. Мұның барлығы 130 мың тоннаға жоспарланған АИ-92 өндірісін 170 мыңға дейігі жиынтық өсімін береді», - деді министр.
Сонымен қатар ол РФ Энергетика министрлігімен, РостНефть, ГазПромНефть, РусНефть компанияларының басшыларымен келіссөздер жүргізгенін және РФ мұнай өндеу зауыттарынан 100 мың тоннадан астам АИ-92 бензинін алу уағдаластығына қол жеткізгенін баса айтты.
«Аталған 100 мың тоннаның шамамен 50 мың тоннасы осы аптаның соңына дейін тиелетін болады. Қалған көлемі айдың соңына дейін жеткізіледі. Айдың басынан бері АИ-92 бензинінің 34,6 тоннасы импортталды. Оның 10 мың тоннасы өткен демалыс күндері жеткізілді», - деді Бозымбаев.