02 қаң, 2020 сағат 22:09

Қазақтың соңғы стейтсмені

Ағылшын тілінде "statesman” деген керемет сөз бар. Ол сөзді батыс қоғамында саясатта тәжірибесі мол, қоғамда беделі зор, ұстанымдары мен құндылықтары дұрыс әрі тұрақты саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлерін сипаттағанда қолданады. Мәселен, АҚШ-та нағыз “statesman” деп ертеректе өмір сүргендердің ішінен Дж.Вашингтон мен А.Линкольнді, ал кейінгілерден марқұм сенатор Джон Маккейнді соңғы тұяқ деп атайды.

Стейтсмендердің қатардағы саясаткерлерден басты айырмашылығы – жеме-жемге келгенде үнемі мемлекеттің мүддесін жеке мүдде мен партияластардың мүддесінен жоғары қоя біледі. Мемлекеттік институттар мен азаматтардың өміріне әсер ететін шешімдер қабылдар кезде саяси амбициясын шетке ысырып тастап, ақты "ақ", қараны "қара" деп айтады. Ең бастысы, стейтсмендер үнемі сөзбен де, іспен де "ақтың" жағында болуға тырысады.

Ал қазақ тілінде “statesman” сөзі "мемлекетшіл" деп қолданылып жүр. Көп жағдайда ол сөзді қазіргі саяси режимшіл кісілер өздерінің адамгершілікке қайшы, әділетсіз жүйенің ғұмырын ұзартатын, қарапайым адамдардың өміріне зиян келтіретін әрекеттерін ақтау үшін жиі қолданады. Одан қалса биліктен әділ шешімдерді талап еткен адамдарға қарсы уәж айту үшін де "statesman” сөзіне жүгініп, өздері секілді "мемлекетшіл" болуға шақырады. Яғни, “statesman” біздің қоғамда мүлдем бұрыс қолданылып жүрген сөздердің бірі.

Алайда бұл Қазақстанда "statesman” деп атауға болатын тұлға мүлдем жоқ дегенді білдірмесе керек-ті. Кеше бақилық болған абыз ақсақал Серікболсын Әбділдинді "тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихындағы соңғы стейтсмен" деп атауға толық негіз бар. Өйткені ол бүкіл саяси карьерасын демократияның негізі саналатын тежемелік және тепе-теңдік принципінің (check and balance) іс жүзінде жұмыс істеуіне арнаған тұлға. Яғни, ол атқарушы биліктің (президенттің) заң шығарушы билік (парламент) пен сот билігін толығымен өз бақылауына алып, мемлекеттік билікті узурпациялауына қарсы болған адам.

Басқаша айтсақ, Серікболсын Әбділдин – жемқорлық пен жағымпаздық жайлаған, екіжүзділік нормаға айналған, бүкіл мемлекеттік институт бір адамға байланған қазіргі қазақстандық саяси жүйенің антидоты.

Рас, Серікболсын Әбділдин саяси бәсекеде қазіргі жүйеден жеңілген адам. Себебі ол принципсіз, адамгершіліктен ада, әділ сайлаудан қорқатын қорқау саясаткерлер ойлап тапқан ойын ережесімен бәсекеге түсті. Сондықтан да С.Әбділдин 1993 жылы Жоғарғы Кеңес таратылған кезде де, 1999 жылғы президент сайлауында да жеңілді.

Десек те С.Әбділдин құйтыртқы саяси ойындарда жеңілгенімен, тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында парасатты жеңімпаз ретінде қалатын болады. Өйткені Әбділдиннің саяси мұрасы – қазір Қазақстан тап болған саяси тығырықтың алдын алуға тырысқан қайраткердің мұрасы. Әбділдиннің мұрасы – диктатураға қарсы тұрған саясаткердің мұрасы. Әбділдиннің мұрасы – жеке мүддеден ұлттық мүддені жоғары қойған ірі тұлғаның мұрасы.

Әбділдин ақсақал өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарды. Өз өмір жолы арқылы авторитаризм тұсында демократиялық құндылықтарға өмір бойы адал болу мүмкін екенін дәлелдеп кетті.

Бірақ бұл Әбділдиндей дара саясаткердің халқына адал қызметі осымен аяқталды дегенді білдірмейді. Бұдан былай қазақ қоғамы үшін С.Әбділдиннің саяси мұрасы қызмет ететін болады. Ол үшін Жоғарғы Кеңес таратылғанда тәй-тәй қадамын басқан, абыз ақсақал президент сайлауына қатысқанда мектеп табалдырығын аттаған мен секілді тәуелсіздік жылдарында туған ұрпақ та, 1990 жылдардағы саяси тарихтың куәгері болған аға буын да “С.Әбділдин мұрасын тануға ұмтылу, құрмет білдіру, кейінгі ұрпаққа жеткізу” деген ортақ азаматтық парызға барынша адал болуы қажет. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа толқыны Әбділдин мұрасын темірқазыққа, елдің болашағына бейжай қарамайтын саяси белсенділер бойтұмарға айналдыруы тиіс. Сонда ғана С.Әбділдиннің саяси мұрасы Қазақстан халқы шынайы демократияға қол жеткізетін күнге дейін де, кейін де қызмет ететін болады.

Жаныңыз жәннатта болсын, қазақтың соңғы стейтсмені!

Шалқар Нұрсейітов