Фото: Видеодан скриншот
ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов өзін «қазақты соғысқа тартып жатыр» деп сынаушыларға жауап берді. Оның видео үндеуі Meganews.kaz Instagram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол өз сөзін қадірін біліп байыптағандар да, жала жауып, бос айыптағандар да барын айтып, өзінің туған жерінде, қара шаңырағында қандай тәрбие алғанынан бастаған.
«Қадірменді ағайын, менің өмір жолымды ел біледі деп ойлаймын. Егемен мемлекет болғалы, ел игілігіне аз да болса өз үлесімді қосқандаймын. Әрине, ауыр жол атыңды сынайды, қиын іс адамды сынайды деген. Осы жолда талай сый да, сын жа болды. Оның ішінде қадіріңді байыптағандар да, жала жауып, бос айыптағандар да болды. Дегенмен сол жалған айыптарға көңіл бөлмедім. Сотқа жүгініп, кеткен есемді ешкімге артпадым. Өйткені атам қазақ айтпақшы, аттың отын ақымақ өшіре алмайды. Қашанда әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көреді деген қағидаға сүйендім. Десе де өтірігі шындай, шыны Құдай ұрғандай болғандай мынау әлеуметтік желіге сенген кейбір адамдар үндемегенді басқа теуіп, табанына тастауға даяр. Жағадан алып, жаншытуға құмар екеніне көзім әбден жетті. Сондықтан да азды көп абырой атымды болымсыз ортаның саудасына салмай, барша айып таққыш жаранға бір жауабын бірсем деп шештім.
Біріншіден, мен әрбір тасы қазақтың иісі аңқыған Атырауда туып, түшкірсе де баба дәстүрі деп түшкірген атамның тәрбиесін, көз ашқаннан санама қазақтың рухын, мәдениеті мен әдебиетін сіңірген, анамның тәлімін алып өскен қазақпын.Шыңғыс Айтматов атқан жеті атасына тамыр жібермеген адам жетесіз. Оны білмеген жерлер әдепсіз қылық пен арам істен жиіркенбеу басталады деген екен. Қарапайым да қатал елдік философияны үлкендердің аузынан көп естіп, шыққан тегін, барар жерін, жақын мен жатты айыруды біліп өскендердің қатарынанмын.
Ал енді бүгін ше? Туған еліне салмағы жоқ, жел айдаған дән қауыз тәрізді кейбір бақытсыз жандар үшін мен ресейшіл, сатқын екенмін. Сонда қалай? Келісімсөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін отқа, мүдде үшін суға түскенім үшін бе? Егер дәл солай болса, онда мен заманында орысшылсың деп ай ыпталған Ұлы Абайдың сөзімен қайырайын: «Адамнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен» дейді. Яғни жүрегің азаптан жарылайын деп тұрса да, қадіріңді білмегендердің алдында еңсеңді түсірме деген. Сондықтан түсінгендерді бағалап, түсінбегендерді саралап қөтетін өмір бұл», - деді Иманғали Тасмағамбетов.
Сонымен қатар, ҰҚШҰ Бас хатшысы қазір адамзат әлемі бұрын соңды болмаған соғыс қауіпінен айырылмай тұрғанын, бұл соғыста жеңімпаз болмайтынын, бәрі де жеңілетінін тілге тиек етті.
«Екіншіден, мен қолыма қару алып, оқ атласам да, жауынгершіл заманнның зардамын, соғыс атаулының зар заңын жақсы білетін, жастайынан жаным сезетін жандардың бірімін. Өйткені әкемнің екі ағасы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған. Қазір адамзат әлемі бұрын соңды болмаған соғыс қауіпінен айырылмай тұр. Бұл соғыста жеңімпаз болмайды, бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу - нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу қаніпезерлік болар еді. Осы орайда атамның бір әңгімесі еске түседі. Өткен ғасырлар болса керек, барымта жасаған қазақтың 5-6 жігітін жергілікті отарлық сот үкім шығарып, итжеккенше айдағалы жатыр екен. Сонда сол елдің ағасы болған ақсақалдың көзінен парша-парша жас ағып, жылап тұр екен. Жанындағылар «Ақсақал, неге жылайсыз? Ұры жазасын алды, әділ емес пе?» деген екен. Сонда ақсақал: «Мен бұл бейбақтардың басы үшін емес, әрқайсының белінде он-оннан кеткен бала үшін жылап тұрмын» деген екен. Осыдан кейін өз қазағын соғысқа тартып жатыр деген қасаң әңгімеге қалай шыдайсың? Білемін, тұтас ойдан оймақтай сөзді жұлып алып, жаранғажар салатындар болған, бола да бермек.
Өз тарапымнан халқыма айтарым, ағайын, не нәрсеге де ақылмен қарайық. Ал ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар, сол мінез бұзылмасын. Әри не, әлеуметтік желіде отырып, мән-жайды анықтамастан, жалған ақпарат тарату өте оңай. Қиыны, ар алдындағы жауап. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпашы, арлы адам ең күшті адам. Өйткені ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойын ұсынбайды. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, өкінішті болуы мүмкін емес. Менің де өмірімдегі ел-жұртым сеніп, мойныма артқан қай қызмет, қандай жұмыс болсын, ұялатын жерім жоқ. Мен үшін халқымыздың мүддесінен биік ешнәрсе болған емес. Бүгін де елден жырақ жүрсем де, туған елдің әрбір жетісітіге мен жемісі мәнді, сағынышы тәтті», деді Иманғали Тасмағамбетов.
Ол сөз соңында, өзі үшін еліміздің сенімінен шығу жолында мемлекетіміздің мүддесін сыртта сақтап, жүргізудің маңызы өте зор екені, оған қоса, мұндай мәртебеді міндеттің мүддесінен шығуда халқымыздың рухани қолдауы қашан да қымбат екенін де атап өтті.