#
#
Сейсенбі 24/11/2020

Қазақты бөлетін сорақылыққа да жеттік. Жетіскен екенбіз!

  • 05.11.2020
  • 0
  • 403

«Жас Алаш» газетінен (13 қазан 2020 ж) «Аударма бюросы ма әлде тамыр-таныстық бюросы ма?» деген мақаланы оқып шығып қатты налыдым. Бір қарағанда, мақала «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жазыла салғандай болып көрінгенмен, арғы түбіне бәле жасырған мақала болып шыққан. Сондықтан да амалсыз қолыма қалам алдым.

Мен бұл жерде өзім талқылауларына қатыс­қан екі томдық антологияға ғана тоқталмақпын.

Сол талқылауларды ұйымдастырғандар: «Екі томдық антологияға Тәуелсіздік жылдарында өмір сүрген қаламгерлердің шығармалары ғана қамтылды», – деді. Бұл ұстанымға талқылауға қатысушылардың бірде-біреуі қарсы шыққан жоқ. Өйткені белгілі бір кезеңді ғана қамтитын антологиялар да дүниеге келіп жатады. Осы ұстанымды ұстанған құрастырушылар, мәселен, поэзия антологиясын Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Олжас Сүлейменовтерден бастапты. Мұны бәріміз де құп алдық. Мақала авторы екі томдық антологияның жарияланғанын асығыс жасалынған деп танып, оған аударма бюросымен бірге Жазушылар одағын да кінәлайды. Шынын айту керек, бұл антологияларға қазір Ұлықбек Есдәулет, бұрын Нұрлан Оразалин басқарған Жазушылар одағының ешқандай қатысы жоқ. Ша­­масы, бұған аударма бюросының өзі бастамашы болған болу керек. Әрине, құрастыруға белгілі қаламгерлер тартылған шығар. Бірден айта кетейін, бұл ретте аударма бюросына ешқандай да кінәрат таға алмаймын. Өйткені антологияға кірген авторлар өте бір талғампаздықпен таңдап алынған. Оларға біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Мырза Кенже өзінің мақаласында: «Антология жан-жақты талқылаулардан өтпеді», – деп налиды. Мен, өз басым қаншама антологиялардың жарық көргеніне куә болып келе жатырмын. Солардың бірде-біреуі жұртшылық талқылауынан өткен емес. Өйткені антологияға кіретін шығармалар – кезінде жұртшылықтан жоғары бағасын алған шығармалар. Ең болмаса, мақала авторы осыны білуі керек қой. Осы бір қағиданы білмегендіктен де Мырза Кенже: «Антология «дүбәра-дүмбілез» кү­йінде дүние жүзіне таралып кете берді», – деп со­ғады. «Білмеген у ішеді» деген осы. Дегенмен біз, «бәлкім, ағаттық та бар шығар» деп антологияны қарап шықтық. Дені дерлік - талай рет уақыт сұ­рыптауларынан өткен белгілі шығармалар. Бағасын кезінде алған ондай шығармаларды тағы да талқылап жатудың қажеті қанша? Олай болса, Мырза Кенженің оларды «дүбәра-дүмбілез» деп соғуына жол болсын!

Мақала авторының «дүбәра-дүмбілез» деп с­ө­гуіне де, талқыланбады деп кінарат тағуына да тағы бір жауап бар. Мәселен, осы бір игілікті шаруаны абыроймен атқаруға сол кезде Президент аппаратында жұмыс істейтін Аида Балаева мен Рауан Кенжеханұлы авторлармен әлденеше талқылаулар өткізумен бірге шет елдерден аудармашыларды да шақырып, біздермен, яғни авторлармен кездестіріп, семинарлар ұйымдастырды. Олармен пікірлестік, сөйлестік. Мен, өз басым аудармашылар арқылы ағылшындармен, испандықтармен, француздармен әңгіме-дүкен құрдым. Тағы да айта кететін жағдай – Аида Ба­лаева мен Рауан Кенжеханұлы, газеттерден де оқыдық, теледидарлардан да көріп отырдық, бірқатар шетелдерге шығып, ондағы баспагерлермен тікелей жұмыс істеді. Бұлардың бәрі – көре білген адамға үлкен еңбек. Ал көрмес – түйені де көрмес. Осындай қыруар жұмыстар атқарған, антологияны дүниеге келтірген адамдарға алғыс айтудың орнына оларды кінәлауымыз ұят-ақ.

Әрине, солай бола тұра, ол антологиялардың да кемшін тұстары бар шығар. Тырнақ астынан кір іздесең, қай жұмыстан да кемшілік табуға болады. Бірақ өз басым, оспадарлық дейтіндей бадырайып көзге түсіп тұрған ондай кемшіліктерді көрген жоқпын. Ал аударма сапасына баға беру Мырза Кенженің қолынан келмесе, менің қолымнан келмейді. Өйткені мен орысшасы болмаса ағылшын, қытай, испан, араб, француз тілдерін білмеймін. Білетінім, бұл шаруа, тағы да қайталап айтамын, үлкен рухани игілікті іс болды.

Мақаламның бас жағында Мырза Кенженің бұл мақаласының арғы түбінде бір бәле жасырынып жатыр деп едім, енді соған келейік. Мырза Кенже: «Оңбаған оспадарлықты «Қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясынан да байқадық. Қос антологияға барлығы 61 автор енгізіліпті. Прозадан – 30, поэзиядан – 31. Прозаиктердің жартысы (15 автор), ақындардың жартысынан көбі (16 автор) орта жүз өкілдерінен іріктеліпті. Осы арада еріксізден осы шығарылымға жауапты тұлғалардың да орта жүз өкілі екенін еске аласың. Тізімді іріктеп, шығармаларды аудару ісімен айналысқан Қазақстан Жазушылар одағы Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Тәкен Әлімқұлов, Оспанхан Әубәкіров, Жұматай Жақыпбаев, т. б. көптеген классик саңлақтарды «ұмыт қалдырған», бәлкім, қасақана енгізілмеген», – деп ілік іздейді. Бұл – бәлелі, жалалы сөздер. Енді, міне, қазақты бөліп, бір-біріне қарсы қоятын сорақылыққа да жеттік. Жетіскен екенбіз!

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, бұл антологияларға тек Тәуелсіздік жылдары өмір сүрген қаламгерлер ғана кіргізілген дегенбіз. Ал Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Тәкен Әлімқұлов, Оспанхан Әубәкіров, Жұматай Жақыпбаевтар Тәуелсіздіктен бұрын дүниеден өтіп кеткендер ғой.

Ойпырмай, бұрын, әдебиетте «мынау орта жүз, мынау ұлы жүз, ал мынау кіші жүз» деген үрдіс жоқ еді. Мәселен, айтулы алпысыншы жылдары шыққан атақты ақындар туралы айтқанда Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов деп жазушы едік. Әлі де жаза береміз. Мен де жаздым. Бірақ бірде-бір рет бұл ақындардың ішінде неге орта жүздің өкілі жоқ деген сөзді естімеп едік. Енді, міне, Тәуелсіздік алып, біртұтас ел боламыз дегенде естіп отырмыз.

Есіме тағы бір тарихи оқиға түсіп отыр. Мұх­тар Әуезов науқастанып ауруханада жатқанда, өмірінің соңғы сәтінде соңынан еріп келе жатқан інілеріне, Тахауи Ахтановқа, Әбдіжәміл Нұрпейісовке, Зейнолла Қабдоловқа, Сафуан Шаймерденовке хат жазғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол кезде де, кейін де Мұхаңның осы тізіміне орта жүзден бір-ақ адам, ұлы жүзден ешкім кірмеген деген күстанауларды естімеп едік. Енді, Әуезовті де кінәлайтындар шығар ма екен… Ондай кезде Әуе­зов­тің «Қилы кезеңді» жазғанын да еске алмайды-ау…

Бұл мысалдарды не үшін келтіріп отырмын? Айтайын дегенім, әдебиеттің бір кезеңінде ба­тыс­тан, екінші кезеңінде шығыстан, үшінші кезе­ңінде түстіктен немесе терістіктен әртүрлі құрамда таланттар әдебиетке қосылып жатады. Бірде бір өңірден аз, бір өңірден көп. Ал келесі жолы керісінше. Бұл – ешқандай заң мен ережеңе бағынбайтын қалыптасқан жағдай. Мұхтар Әуезовтің кезінде де, алпысыншы жылдарда да солай болған. Міне, осындай құбылмалы, әртүрлі құрамда болатын жағдайды, өкінішке қарай, мақала авторы ойына да алмапты-ау…

Не болғанда да, бұл мақаланың осындай кісә­пір бәлелікпен жазылғанын көріп отырып жаным ауырды. Құдай-ау, қай жолға түсіп бара жатырмыз?.. Жаным ауырмай қайтсін, мен он тоғыз жасымда Түркістаннан Алматыға келіп әдебиетіміздің үлкен ақсақалы Әбу Сәрсенбаевқа жолығып, өлеңдерімді көрсеткенде, мені бірден Шерхан Мұртаза басқаратын «Лениншіл жас» газетіне алып барып еді. Бөлім меңгерушісі Әбіш Кекілбаев екен. Бар-жоғы екі-үш күннің ішінде сәт сапармен өлеңдерім жарияланып еді. Олардың ешқайсысы да менен жүзімді де, руымды да сұраған емес. Сонан кейін де мен Шерхан, Әбіш ағалардан көп қамқорлық көрдім. Осы екі алып ағамыз жалғыз маған ғана емес, талай-талай қазақтың атпал азаматтарын қолдап, қолтығынан демеген. Әбіш ағамыз арғы-бергі қазақтың жайсаң перзенттері хақында эссе-толғаулар жазса, ал Шерхан ағамыз қаншама таланттардың көзін ашты. Олар «мынау – батыс, мынау – шығыс, мынау – теріскей, мынау – түстік» деген жоқ. Бәрін де қазақтың баласы деп білді. Енді, міне, бақайшағымызға дейін санайтын пысықай пасықтар шығыпты.

Бүйте берсек, бара-бара төлқұжатымызға қай жүз екенімізді жаздыратын шығармыз. Құдай сақтасын!

Әлгінде айтып өткендей, бұл мақала – ағайын арасына іріткі салу…

Абайлайық, ағайын!

Темірхан Медетбек,

"Қазақ әдебиеті", № 41 (23 қазан, 2020 жыл)

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР