18 қаз, 2024 сағат 13:53

Қазақтан Хан Гаң қашан шығады?


Фото: Roberto Ricciuti/Getty Images

Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын  53 жастағы Оңтүстік кореялық жазушы әйел Хан Гаң алды. Бұл Оңтүстік Корея халқының әдебиет саласы бойынша алғашқы Нобелі. Қазақстандық сыншылар Хан Гаңның тамаша жазушы екенін айтып, «ал, біз әлеуметтік желіге желімше жабысып алып, бір-бірімізді өтірік мақтағанға мәзбіз» деп сынады.

Хан Гаңның өзі Украина мен Таяу Шығыста болып жатқан соғысқа байланысты марапатын тойлаудан және қандай да бір баспасөз мәслихатын өткізуден бас тартты. Қазір ол өз еліндегі Өнер университетінде жазушылық шеберліктен дәріс оқиды.

Жазушы өз сөзінде: «Суреткер өмірдегі оқиғаларды суреттеп қоюмен шектелмей, адам табиғатын зерттеуі тиіс», -деген.


2016 жылы әдебиет саласындағы ең беделді марапаттардың бірі  Букер сыйлығын алғанда ол марапатты табыс ететін жерге метромен жеткен. Қарапайымдылықты жаны сүйетін жазушы сұхбаттарында танымал болудан қашатынын жиі айтады.

Осы күні Оңтүстік Кореяда жазушының бүкіл кітабы сатылып кеткен. Хан Гаң журналистерге берген сұхбатында бір романды 2-3 жыл кейде, тіпті 4 жыл жазатынын жеткізген. 

«Үшінші романым "Вегетарианнан" кейін төртінші романымды жазуға отырдым. Бірақ жетінші тарауға жеткенде, жалғастыра алмадым, себебі шығармашылық тоқырауға ұшырадым. Сосын бір жыл бойы жазуды тоқтатып, шығармам туралы ұмыта тұруға бел будым. Тіпті, жетістіріп кітап та оқи алған жоқпын. Ұзақ демалыстан кейін әлгі шығарманы қайта бастадым. Осылайша, тыныштықтан туындаған бесінші романым "Грек сабақтары" дүниеге келді», - дейді жазушы.


Ал еліміздің сыншылары Хан Гаңды Нобель сыйлығына әбден лайық көріп отыр. Мәселен әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы кореялық жазушының нобель алғанын естіген соң бірден екі кітабын оқып шыққан. Ол фейсбук парақшасында жазушының романына тәнті болғанын жеткізген.

«Маған Хан Ганның "Ет жемейтін әйел" романы қатты ұнады. Шығарманың оқиғасы қарапайым ғана. Бір әйел түнде қорқынышты түс көріп, ет жеуден бас тартады. Міне, осы кезден оның күйеуімен, қоғамдағы адамдармен қарым-қатынасы күрделене түседі. Роман өте шебер жазылған. Шығарма біресе күйеуінің атынан баяндалып, біресе әйелдің көзімен беріледі. Автор детальдарға қатты мән береді. Бір артық сөйлем жоқ. Стильдің нәзіктігіне қарап, автордың мәтінмен күні-түні жұмыс істегенін түйсігіңмен сезесің.  Мына екі кітапты оқып болғаннан кейін Оңтүстік Кореядан шыққан қаламгерлердің туындыларын оқуға деген құлшынысым арта түсті», -деген сыншы отастандарына назы бар екенін жеткізді.


Ол өз сөзінде: «замандастарымыз әлемге танылып, Нобель сыйлығын алып жатыр. Ал, біз әлеуметтік желіге желімше жабысып алып, бір-бірімізді өтірік мақтағанға мәзбіз. Қашан есімізді жиып, өзімізді қамшылаймыз. Әлде, ішкен-жегенімізге ғана мәз болып, өз жазғандарымызға өзіміз ғана тамсанып осылай жүре береміз бе? Өмір болса өтіп барады», - деп қынжылды Амангелді Кеңшілікұлы. 

Қазақстандық қоғамдық даму институты, қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Әлихан Түйебай Оңтүстік Корея мемлекетінің өз мәдениетін дамытудағы жетістіктеріне тамсана отырып, жазушының Нобель сыйлығын алуына не көмектескенін топшылады.

«Паразиттер» шықты. Кореяға алғаш әрі бірден 4 Оскар сыйлады. Кейін «Кальмар ойындары» әлем ауызында жүрді. Соған қарағанда Кореяда әлемді жаулауға бағытталған мықты мемлекеттік мәдени бағдарлама жұмыс істеп тұр немесе олардың бизнестегі мәдени агенттері өте мықты. Әйтпесе 2007 жылы жазылған шығарманы 2015 жылы ағылшынға аударатындай, оны Букерде жеңетін деңгейге жеткізу сұмдық қой. Себебі Халықаралық Букерді алған шығармалардың көбі өзге тілде жазылса да әрі кетсе 2-3 жылда, сыясы кеппей тұрғанда аударылады», - деп жазады Ә. Түйебай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында


Әлеуметтік желіде оқырмандар кореялық жазушының шығармасын оқығысы келетіндерін жазған. Қазақ тіліне аударылған нұсқасын іздегендердің қатары басым. Өкінішке қарай, Хан Ганның романдары әзірге қазақ тіліне аударылмаған.

Айта кетейік, Хан Гаң Хан Сонвон есімді жазушының қызы. Ол Кванджу қаласында дүниеге келіп, ерте жасында Сеулдегі Сууриге көшіп келеді. Ол бұл туралы өзінің "Грек сабақтары" романында жазады.

Бүгінгі Нобель лауреаты Енсе университетінде корей әдебиетін оқыған. Оның ағасы Хан Доллим де жазушы.

Хан Гаң ең алғаш өлеңдерін "Қоғам және әдебиет" басылымында жарияланған кезден бастап жазушы ретінде таныла бастады. Оның әдебиетші ретінде тұсауы келесі жылы кесілді деуге болады. Хан Гаңның "Қызғылт зәкір" әңгімесі Сеулдегі Синмунде әдеби байқаудың жеңімпазы болған кезден таныла бастады.

2005 жылы жазушы Ли Сан әдеби сыйлығын алды.

2013 жылдың жазынан бастап ол Сеул өнер институтында жазушылықтан сабақ береді.

2018 жылы Хан Гаңның "Қымбатты ұлым, менің сүйіктім" романы шотландиялық суретші Кэти Патерсонның "Болашақ кітапханасы"арт-жобасы үшін таңдалды. Ол 2114 жылы 100 мәтіннен тұратын антологияда жарияланады. Осы уақытқа дейін қолжазба Ослодағы Deichmanske bibliotek-те жарияланбаған және оқылмаған күйінде сақталады.

2021 жылы Хан Гаң "Мен қоштаспаймын" романын жариялады, онда үш әйелдің көзімен Чеджудо аралындағы көтеріліс көрсетілген. Ол 2023 жылғы Францияның "үздік шетелдік шығарма" сыйлығымен марапатталды.

2024 жылы Хан Гаң әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты болып, сыйлық "Тарихи жарақаттарға қарсы тұратын және адам өмірінің нәзіктігін ашатын бай поэтикалық прозасы үшін" берілді.


Дайындаған: Қаламқас Нысанбай