14 қаз, 2024 сағат 16:38

Қазақстанда әскери қызметшілердің жалақысы алдағы жылдары өседі

Фото: pexels.com

Қазақстанда әскери қызметшілердің жалақысын 50%-ға жуық көтеру және қызмет мерзіміне байланысты зейнетақы төлемдерін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ult.kz Қазақстан премьер-министрінің жауабына сілтеме жасап.

Қазақстандағы әскери қызметшілердің еңбекақы жүйесіне өзгерістер енгізіліп, алдағы екі жылда әскери қызметшілердің жалақысын орта есеппен 50%-ға жуық көтеру көзделген.

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің сенатор Андрей Лукиннің депутаттық сауалына жауабында айтылған.

"Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 220-бабына сәйкес, әскери зейнеткерлерге қызмет мерзімі бойынша зейнетақы жинақтарының қалдығын тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге толық көлемде бір реттік пайдалану құқығы берілген. Сонымен қатар премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен әскери қызметшілер үшін зейнетақы төлемдерін қазіргі 50-65%-дың орнына 60-75% мөлшерінде қызметтік жалақыдан есептеу бойынша мәселе қарастырылып жатыр. Әскери қызметшілерді материалдық ынталандыру мақсатында 2024 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесіне көшу көзделген, оған сәйкес алдағы екі жыл ішінде (2025-2026 жылдар) әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысын орта есеппен 48,2%-ға көтеру жоспарланған", – делінген Бектеновтің жауабында.


Бірінші кезеңде офицерлік құрамның лауазымдық жалақысын орта есеппен 20,3%-ға, ал қатардағы және сержанттық құрамның жалақысын 33,9%-ға көтеру көзделген. Екінші кезеңде офицерлік құрамның лауазымдық жалақысын орта есеппен 23%-ға, ал қатардағы және сержанттық құрамның жалақысын 10%-ға көтеру жоспарланған.

"Сонымен қатар мен мүдделі мемлекеттік органдарға коммуналдық қызметтерді 50% көлемінде өтеу, далалық төлемдер (қосымша үстемеақы), әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына жылына бір рет теміржол көлігімен тегін демалысқа бару және кері қайту жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ қалалық, қала маңындағы және жергілікті қоғамдық көлікте тегін жүру мәселелерін қарастыру бойынша тиісті тапсырмалар бердім", – делінген жауапта.


Премьер-министрдің мәліметінше, әлеуметтік қамтамасыз ету аясында көптеген әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына тұрғын үй төлемдері республикалық бюджеттен жүргізіледі. Биыл бұл сома 118,5 млрд теңгеге жеткен. Аталған төлемдер тұрғын үй сатып алу, жалға алу және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.