14 мау, 2017 сағат 08:56

«Қа­зақстаным-Ғажапстаным» мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

«Қа­зақстаным-Ғажапстаным» мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Сәкен Сейфул­лин мұражайының ұйымдас­тыруы­мен биыл жетінші мәрте өткізі­ліп отырған республикалық жыр мүшәйрасы ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне арнал­­­ды.

«Қа­зақстаным-Ғажапстаным» ай­­да­ры­мен жарияланған мүшәйраға еліміздің түк­пір-түкпірінен үлкенді-кішілі 50-ге тарта ақын қатысты. Ақындар аталмыш тақырыпты әр қырынан ашып, кеңінен толғауға құлаш ұрғанымен, көпшілігі діттеген жерден көріне алмады.

Қазылар алқасы дәмелі жырларды сараптай, саралай келе, 12 ақынды жүлдеге лайық деп тапты. Сонымен, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғара төрағалық еткен қазылардың шешімімен:

Бас бәйгені (2 миллион теңге) Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай «Қазақстан», «Рух жыры», «Қаратау» топтамасымен қанжығасына байлады.  

Бірінші орын (1миллион теңге) – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының тумасы Ықтияр Мырзақұловқа бұйырды. Қазақстанның басты-басты 21 қаласын жырға қосып, еліміздің келісті келбетін жарқырата аша білген, оқырманға көп таныла қоймаған жас ақын мүшәйраның жаңалығы болды.

Екі екінші орын (500 мың теңгеден) қызылордалық белгілі ақын Толыбай Абылаевқа «Жерұйық» толғауы, астаналық жас ақын Арман Шеризатқа «Астана» өлеңі үшін берілді.  

Үшінші үш орынды (250 мың теңгеден)  алматылық Ғалым Қалибекұлы «Қазақстан мәңгілік махаббатым» топтамасымен, елордалық Олжас Қасым «Ебіней көрген ЭКСПО», аягөздік Ақаш Көксегенов «Менің алтын тірегім» толғауларымен бөлісті.

Сондай-ақ, Достық Тілеубер­генов (Қызылорда облысы, Қар­мақ­шы ауданы) «Көк туды сүйем», астаналық жас ақындар: Ұларбек Дәлей «Есіл бойын жаға­лата үй тіктім», Балтабек Нұ­рғали «Ел бақыты − Елбасы», Қуат Рахатұлы «Арман қала – Астана», Мұқият Қойшыбай «Гүл көмкерген Сарыарқа» өлеңдері үшін (150 мың теңгеден) ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

«Егемен-ақпарат»