11 мам, 2021 сағат 19:09

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Этноауыл» кешенін аралады



Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан интерактивті этноауылға барды, деп хабарлайды Elbasy.kz сайты.

Елбасы этноауылдағы қолөнершілер көшесін аралады. Қолөнершілер көшесінде ағаш ұсталарының, тоқымашылар мен киіз басушылардың, қыш бұйым жасайтын шеберлердің, зергерлердің, тас қашаушылардың 5 түрлі тақырыптық шеберханасы қамтылған. Нұрсұлтан Назарбаев этноауылдағы көшпенділер асханасын да тамашалады.

Жаңа нысан 18 ғасырдан көрініс беретін кешен Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан. 

Этноауыл қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін бейнелейтін жоба саналады. «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық мұражайдың ортасында орын тепкен. Интерактивті этно-ауылдың ауданы 16 мың шаршы метрді құрайды. Кесенеге келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, тіпті көне заттарды қолдарымен ұстай алады. Көшпеділер өркениетінен көрініс беретін этноауылдың аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген.