26 мам, 2017 сағат 13:51

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында экспедициялар ұйымдастырылуда

7 бағытқа арналған бүкіл қазақстандық экспедицияға дайындық жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын табысты жүзеге асырар болсақ, Елбасымыз айтқандай Қазақстанның болашағы мүлдем басқаша болады. Өйткені, әр халықты оның рухани байлығы мен сана-сезімі қалыптастырады. Ал бұл бағдарлама біздің сана-сеніміміздің жоғарылауына, өз құндылықтарымызды сақтауға септігін тигізіп, дүниежүзінде қазақ кім дегенде «мен» деп мақтанышпен айтатындай жағдайға жеткізуі тиіс», - деді министр.

Осы ретте Арыстанбек Мұхамедиұлы қазірдің өзінде мәдениет, спорт, өнер сынды салаларда зор жетістіктеріміз бар екендігін баса айтты.

«Димаш Құдайбергенұлы сынды жас әншілеріміз бүкіл дүниеге танымал. Мәселен, 300 қытай жиналып алып, қазақ тілінде «Дайдидау» әнін орындады. Мұның барлығы үлкен мақтаныш. Біз (өзіміздің азаматтарымызға) қазақ тілін үйреніңдер дейміз. Ал басқа ұлттық өкілдері осындай жастарымыздың арқасында қазақ тілін өздері-ақ үйреніп жатыр», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында еліміздің өңірлерінде жастар еліміздің тарихи аймақтарына экспедициялар ұйымдастыру үстінде. Ал Мәдениет және спорт министрлігі болса жаз айында 7 бағытқа арналған бүкіл қазақстандық экспедиция дайындауда.