Энергетика министрлігінде мүдделі мемлекеттік органдар, көмір өндіруші кәсіпорындар, тауар биржалары, трейдерлер мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының қатысуымен кеңес өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжілісте коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарды және халықты көмірмен қамтамасыз ету, көмір жөнелтудің проблемалары талқыланды.
«Сала электр энергиясы өндірісінің 70% жуығын, кокс химиялық өндірісі жүктемесінің 100 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Коммуналдық-тұрмыстық сектордың және халықтың отынға деген сұранысын толығымен қанағаттандыруда», - делінген баспасөз хабарламасында.
Шұғыл мәліметтер бойынша, үстіміздегі жылдың 26 қазанына дейін елде 82 млн тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,2% көп. Ішкі нарыққа 59,8 млн тонна көмір жөнелтілді, оның ішінде 44,8 млн тонна энергия өндіруші кәсіпорындарға босатылды. Экспорт 22,9 млн тоннаны құрады, бұл 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,9% көп.
Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа көмір жөнелту 9,0 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға көп.