Қазақстан мен Қырғызстан Президенттерінің шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерінен кейін өткен брифинг барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел де көпжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
«Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 млрд долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 млрд долларға жеткізуге келістік», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды.
Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Шағын форматта өткен кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өтті.
Мемлекет басшысының Қырғызстанға сапары барысында бірқатар құжатқа қол қойылды.