Фото: ҚР СІМ
Қазақстан Таяу Шығыс аймағынан азаматтарын эвакуациялау үшін шамамен 4 миллион доллар қаржы жұмсады. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкіметтегі брифингте мәлімдеді.
Алғашқы жоспар бойынша эвакуация 4 мың адамды қамтуы тиіс болса, кейінгі деректерге сәйкес, Таяу Шығыстан елге қайтарылған қазақстандықтардың саны 10 мыңнан асты.
Министрдің айтуынша, бөлінген қаражаттың бір бөлігі әуе компанияларының шығындарын өтеуге бағытталған. Себебі бірқатар азаматтардың кері қайту билеттері болғанымен, жағдайға байланысты қосымша шығындарды мемлекет көтеруге мәжбүр болған.
Сонымен қатар қаражат Дубайдан және өзге де транзиттік елдерден азаматтарды эвакуациялау шығындарын жабуға, сондай-ақ сақтандыру жағдайларына байланысты қосымша төлемдерге жұмсалған.
Жалпы алғанда, барлық операцияның құны шамамен 4 миллион долларды құрады.
