Фото: ашық дереккөз
Қазақстан 2026 жылдың бірінші тоқсанын сыртқы сауда көрсеткіштерінің өсімімен аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, елдің сыртқы сауда айналымы 32,9 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға артқан. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 29,8 млрд доллар болған.
2026 жылғы қаңтар–наурыз айларында экспорт көлемі 9,4%-ға өсіп, 18 млрд АҚШ долларына, ал импорт көлемі 11,8%-ға артып, 14,9 млрд долларға жетті.
Сарапшылар импорт өсімін өнеркәсіп, энергетика және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға қажетті техника мен жабдықтарды сатып алудың көбеюімен байланыстырады. Атап айтқанда, электр генераторлық қондырғылар импорты бес еседен астам өсіп, 416,8 млн долларға жеткен. Сонымен бірге газ турбиналары, авиациялық қозғалтқыштар, локомотивтер және өңдеу жабдықтарының импорты артқан.
Есепті кезеңде шикізаттық емес сектордағы өсім ерекше байқалды. Шикізаттық емес тауарлар бойынша сыртқы сауда айналымы 20,4 млрд долларға жетіп, бір жылда 13,5%-ға өскен. Ал шикізаттық емес экспорт көлемі 23,4%-ға артып, 6,9 млрд долларды құрады.
Шикізаттық емес экспорттың негізгі драйверлері ретінде мыс пен мыс катодтары, күміс, уран, ферроқорытпалар, мал азығы өнімдері және күнбағыс майы аталды.
Соның ішінде күнбағыс майының экспорты шамамен 60%-ға өсіп, 277,8 млн долларға жеткен. Ал ферроқорытпалар экспорты 20,1%-ға артқан.
Қазақстанның негізгі сауда серіктесі ретінде Қытай көш бастап тұр. Бірінші тоқсанда екі ел арасындағы тауар айналымы 7,8 млрд АҚШ долларын құрап, жалпы сыртқы сауданың 23,8%-ын қамтыған.
Екінші орында Ресей тұр. Екі ел арасындағы сауда көлемі 6,5 млрд долларды құраған.
Сонымен қатар Италия, Түркия және Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктестері қатарында қалды. Италиямен арадағы тауар айналымы 3,4 млрд доллардан асқан.
