09 мау, 2025 сағат 10:38

Қазақстандықтардың жеке дерегін сатумен айналысқан топ ұсталды

Фото: ашық дереккөз

ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, қазақстандықтардың жеке мәліметін интернетте заңсыз сатқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Ult.kz.

«Ақпараттар мемлекеттік базадан заңсыз алынған және Telegram арқылы таратылған, оның ішінде кейбір коллекторлық компанияға берілген. 140-тан астам адам, оның ішінде компания иелері мен арна әкімшілері ұсталды. Қазіргі таңда 5 күдікті қамауға алынды. Тінту барысында 400-ден астам компьютерлік және басқа да электрондық техника тәркіленді, - делінген ІІМ хабарламасында.


Қылмыстық кодекстің 205-бабы 3-бөлігі (ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу), 147-бабы 5-бөлігі (жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу), сондай-ақ 211-бабы 3-бөлігі (шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осы іске қатысы бар адамдардың толық шеңбері анықталуда.