14 жел, 2023 сағат 11:55

Қазақстандықтардың мобильді аударымдары қашан тексеріле бастайды?

Фото: © Pixabay / Bryan Santos

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанның барлық азаматының мобильді аударымдарын тексеру қашан басталатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство мәліметінше, 2023 жылы Мемлекеттік кірістер комитетіне банк шоттарына кәсіпкерлік қызметке байланысты ақша түсетін азаматтар туралы банктерден мәліметтер түсе бастаған.

Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілерін айқындау критерийі жеке тұлғаның қатарынан үш ай ішінде әртүрлі тұлғадан жеке банк шотына ай сайын 100-ден аса аударым алуы болып табылады.

Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың аударымдары туралы ақпаратты банктерден кезең-кезеңімен алу мерзімдерін белгіледі:

1) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);

2) 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша);

3) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша);

4) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша).

"Бүгінде ақпарат тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша алынды.

Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталғанына назар аударамыз.

Бұл ретте жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша)" - делінген хабарламада.